» » ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ЕЛ АҒАСЫ

ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ЕЛ АҒАСЫ

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялануы – еңбек адамының қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтеріп, олардың елеулі еңбегіне құрмет көрсетудің нақты көрінісі. Бұл бастама – қарапайым жұмысшыға деген сенім мен ризашылықтың айғағы. Ел дамуына сүбелі үлес қосып, өзі ісінің майталман маманы болған жанның бірі – Орынбай Оспанов. Ол 40 жылға жуық ғұмырын энергетика саласына арнаған.
Энергетика – ел экономикасының негізгі саласы. Тіршілігінің негізгі тетіктерінің бірі. Жылу мен жарықты қамтамасыз ететін бұл салада әрбір жанның еңбегі бағалы. Осындай күрделі де маңызды салада абыройлы еңбек еткен Орынбай Нақыбайұлы 1957 жылы 15 ақпанда Ақжар ауылында дүниеге келген. Ауылдағы онжылдық мектепті бітіріп, 19741980 жылы Талғар қаласындағы энергетикалық техникумына түсіп, техник-электрик мамандығын меңгереді. Кейін Семей қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтейді.
Еңбек жолын Алматыдағы технологиялық зауытында жұмыс істеуден бастайды. Мұнан соң туған жерге оралып, 1982-1985 жылдары аудандық сельхозэнергиясында еңбегін жалғастырады. Одан әрі білімін шыңдау үшін 1986 жылы Алматы қаласы ауыл шаруашылығы институтының «энергетик» мамандығын алып шығады. Кейіннен Ақжар совхозында инженер-энергетик, аудандық электр желісінде №2 учаскесінің шебері қызметін атқарады.
– Осы уақыт ішінде учаскеде қарамағымда болған 9 электр қызметшілермен ауызбіршілікте жұмыс атқардық. Дүр Оңғар мен Т.Көмекбаев ауылы аралығына, яғни сегіз ауылдың электр желісінің үздіксіз қосылуын бақылап, қадағалау жұмысына аянбай еңбек еттім. Осы орайда қызмет атқарған кезімде электриктер Тұрмағамбет ауылынан Ербол Сатов, Ақжар ауылынан Аман Қойбағаров секілді інілерімнің халыққа қалтқысыз қызметтерін ерекше атап өткім келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Орынбай ағамыз қай жерде қызмет етсе де кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында ел-жұрттың әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды. Өзінен кейінгі буынға үлгі болып, оларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасуына жәрдемдесті. Еңбек еткен жылдарында лайықты құрмет көрсетіліп, марапат төрінен көрініп отырған. Айталық «Ақжар ауылына 60 жыл» мерекелік медалі, 2017 жылы Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының «Құрметті энергетик» төсбелгісімен Невада-Семей антиядролық қозғалысының жабылғанына 25, 30, 35 жыл төсбелгілерімен марапатталған.
– Электр желілері – бұл ел тіршілігінің күретамыры. Бір ғана үзіліс – тұрғындар үшін қолайсыздық тудыратыны, жұмысқа кері әсер ететіні, кәсіпкерге шығын әкелетіні анық. Энергетика, оның ішінде электр энергетикасы үнемі дамып отыратын сала. Бұл мамандықты меңгерген жастар әрдайым сұранысқа ие болмақ. Жалпы электрик мамандығы ептілік пен шеберлікті талап етеді. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, желі құрылымын толық меңгеру, апатты жағдайда жедел әрекет ету – осының бәрі үлкен жауапкершілік пен машықты қажет етеді, – дейді ол.
Кейіпкеріміз 1982 жылы медбике мамандығын меңгерген Оразкүл Ермекбаевамен бірге шаңырақ көтереді. Екеуі 5 баланы өсіріп тәрбиелейді. Арнасы Тереңөзекте мұғалім, Жайнасы мен Жадырасы тәрбиешілік жолды таңдап, бүгінде бүлдіршіндерді білім жолына қосуда аянбай еңбек етуде. Ұлы Ербол әке жолын қуып ауызсу мекемесінде электрик болып жұмыс істесе, Нұрбол жеке кәсіппен айналысады.
Қарапайымдылығы мен кәсібіне деген адалдығы арқылы халық құрметіне бөленген Орынбай Нақыбайұлы 2020 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, ардагер электрик төсбелігісін тағынады. Бүгінде сол жылдары мекеме басшысы болған Руслан Еспенбетовке, есепші Гүлмарашқа алғаусыз алғысын айтады. Ол көпке, соның ішінде жас буынға үлгі боларлық жан. Осындай еңбекқор, елжанды азаматтар – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 шілде 2025 ж. 159 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10417)

04 шілде 2025 ж.

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 992
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031