Бір қаламсаппен оқу бітірген

Обал-сауапты білетін адам оның қашанда қадірін біледі, қасиетін ұғынады. Әу бастағы қазақылығымыз бен мұсылманшылығымыз да осыны меңзейді. Артық сөз, артық іс-әрекет мұндай жандарға жат саналады. Бәрі орнымен, өз ретімен жүріп отырса, нұр үстіне нұр. Алғаш редакция табалдырығын аттағанымда-ақ осы кісінің иба-әдебі жылы әсер ететін. Жасының үлкендігін сатпайды, орынсыз жерге килікпейді. Ойын тура айтып, жанарынан мейірім еседі. Исламда күліп жауап берудің өзі сауап деп жатады ғой.
Мен әңгіме өзегі етіп отырған Алтынкүл Үбайділдаева аудандық «Қармақшы таңы» газетінің ардагері. Биыл жетпістің желкенін керіп отырған апайымыздың туған жері – Қармақшы өңірі. 1955 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №1 мектеп-интернатын 10 жыл оқып бітірген соң, қаладағы Ауыл шаруашылығы техникумының «Есепші» мамандығына қабылданады. Еңбек жолы 1975 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист болудан басталса, 1980 жылдан бастап Жосалы кентінде «Агросельхозхимия» мекемесінде бухгалтер болып істейді. Одан соңғы еңбек жолы аудандық ХРСУ мекемесінде жалғасады. Маманның біліктілігін бағалаған аудандық статистика бөлімі 1996-2000 жылдар аралығында бас есепші етіп тағайындайды. 2000 жылдан аудандық «Қармақшы таңы» газетінде есепшілік қызметті зейнет демалысына шыққанға дейін абыройлы атқарып келді.
Алтын апамызбен бірге қызмет жасастық. Сондағы байқайтынымыз – ол кісінің ақжарқындығы, ойын көркем түрде жеткізе білетіні тәнті ететін. Кейіндеу оның сыры да ашылғандай. Жалпы қай мінез де отбасындағы тәрбиеден емес пе?! Апамыз имандылықты өмірбойына серік етіп, талай жанның тура жолға түсіп, көңіліне демеу болған Үбайділда молданың қызы болып шықты. Бала кезінен бойына имандылық әдебі сіңген Алтынкүл апа не нәрсеге де ұқыппен қарайтын адам. Кеңседе шай ішетін қасығы (күміс) мен кесесін бір ауыстырмай соны ғана пайдаланатыны біздің де оң пікірімізді тудыратын. Айналасына жылы, ешкімнің көңіліне дөп болып тимейтіні біз секілді сол кездегі ұжым жастарына үлгі болатындай еді.
Есепшілік мамандығы қай уақытта да жауапкершілікті талап еткен. «Саннан қателесу – бүкіл цифраны құлатады» деген есепшілер арасында әдемі айтылған сөз бар. Бухгалтер деген есімді арқалағандар есепте қате кетуге болмайтынын жақсы біледі. Себебі әрбір цифрдың артында үлкен қаржы, мекеме не ұжымның абырой-аты жататыны анық. Алтынкүл апайдың тағы бір қасиеті – үлкендігін жасап, ұжымның ауызбірлігіне атсалысып отыратыны. Жастарға жағымды даусымен ақылын айтып, жылы шырайда күлгенінің өзі сондай бір мейір-сезімге бөлеп жібереді. Сондай бір сырласуда «Техникумды бір қаламсаппен оқып бітіргенмін, тек сиясын ғана сатып алатын едім» дегені бар-тын. Қызыға қарадық. Бір жағынан үнемшілдік, ысырапқа жол бермеу болса, екінші жағынан ұқыптылық.
– Өмір бағасы түсінгенге құнды. Сол құндылықтың қатарынан артық шығынды о бастан ұнатпаймын. Бәрінің сұрауы бар. Қыз балаларға ұқыптылық, тазалық әсіресе керек. Есепшілік қыздар үшін өте керемет мамандық. Жылы, таза жерде отырып істейсің. Төбеңнен күн өтпейді. Мектептен бастап есепке жүйрік болдым. Ата-анамыздың тәрбиесі де соған қарай бағыттаған шығар. Әкеміз дін өкілі болған соң отбасында иманды тәрбиемен өсіп, ер жеттік. Өзіміз де отбасын құрдық. Ұрпақ өсірдік. Алдымен тәрбие, сосын білім қағидасын жолдасыммен басты ұстаным еттік.
Журналист болмасам да, осы салада қызмет еткенімді мақтан етемін. Тілшілердің жұмысының қандай екенін білемін. Құрметтеймін. Барша сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Өзім еңбек етіп, нанын жеген редакция ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. Дені – жастар. «Жас келсе, іске!» дегендей, аға буынның салып кеткен сара жолын абыройлы жалғастырады деген сенімдемін, – дейді ардагер ана.
А.Үбайділдақызы қазір Қызылорда қаласына қоныс аударған. Жұбайы Сағат ағамен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, құтты жерлеріне қондырған. Балалары полиция, салық саласында басшылық қызметтер атқарса, кенжесі белді кәсіпкер. Орталарындағы қызғалдақтары Жансұлу ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ардагеріміз бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында отырған ардақты ана, бақытты әже.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ