» » БАСЫЛЫМ – ОҚЫРМАНЫМЕН БАЙ

БАСЫЛЫМ – ОҚЫРМАНЫМЕН БАЙ

Жосалы кентінің тұрғыны Ләззат Бисенбаева қоғамдық негізде «Ораз ахун мешітінде» тазалықшы болып жұмыс істейді. Оның қоғамдық негізде жұмыс істеп келе жатқанына да 20 жылдай уақыт болған. Жұмысына тиянақты, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жерлесіміз бұйырса, келесі жылы зейнеткерлік демалысына шықпақшы. Бүгінгі қоғамда жалпы жастар жағы әлеуметтік желіні қолайлы көрсе, ересектер – аға буын өкілдері газет, журнал оқудан қол үзген емес. Оны редакцияға өздері іздеп келіп жазылып кететін ағаапаларымыздың қарасынан байқау қиын емес. Сондай тұрақты оқырманымыздың қатарында Ләззат Бағдатқызы да бар.
– Бітірген мамандығым бойынша тәрбиешімін. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының маманы ретінде бір жылдық курста оқығанмын. Кезінде Жосалы механикалық зауытының жанынан ашылған бөбекжайда тәрбиеші, бала күтуші болып жұмыстар істедім. Бірақ кейіннен қысқарып қалуыма байланысты жұмыссыз қалдым. «Екі қолға – бір күрек» деп, қоғамдық жұмыспен қамту бағытында туған жерімнің тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарында маңдай терімді сіңіріп келемін, – дейді ол.
Әпкеміздің нағыз еңбек адамы екені күн қақтаған жүзінен көрінсе, мінезінің ашықтығы адамды бірден баурап алады. Ол өзінің редакцияға келген себебін түсіндірген соң, әңгіме ауанын ауданымыздың руханият ошағына айналған, ғасырға тарта тарихи жолы бар «Қармақшы таңы» газетіне қарай бұрды.
– Аудандық басылымға 2005 жылдан бері үзбей жазылып келемін. Әрбір шығарылымын асыға күтемін десем, артық болмас. Кейде газет тарайтын күндері пошташы келіп қалар ма екен деп, есік жаққа қарайлай жүретінімізді де қалай айтпайын. Бала кезімнен оқуға жақынмын. «Қармақшы таңы» газетінің ұжымына алғыс айтқым келеді. Елдегі жаңалықтарды, талдамалы оқылымды мақалаларды жиі жариялайды. Бүгінгі таңда өзекті болып саналатын жастар арасындағы тәрбие мәселесін ұдайы беріп отырады. Газетті оқығанымда рухани сарайым толығып, жан дүнием бір жасап қалады. Мен қарапайым еңбек адамымын, сонда да болса айналамда нендей жаңалықтар мен өзгерістердің болып жатқаны мен үшін маңызды. Қазір – прогресс. Қолдан келгенше соған ілесуге тырысамын, – дейді ағынан жарыла сөйлеген оқырманымыз.
Рухани байлықты серік еткен жанның жолдасы Орынбасар Құдабаев аудандық тұтынушылар одағынан жүргізуші болып зейнетке шыққан азамат. Бүгінде олар 5 немеренің сүйікті атасы мен әжесі.
Апайымызбен аз-кем жүздесуден соң, ол өзі алты ай сайын газет мекемесіне арнайылап келіп жазылып кететінін, сонымен қатар газетіміздің әрбір номерін жібермей оқитынын тілге тиек еткенде біз де іштей ризашылық сезімде болдық. Оқырманымыз қазіргі баспасөз науқанына орай, тағы да аудандық басылымның осы жылдың екінші жартыжылдығына жазылуға келгенін айтқанда, оны көп күттірмеуді жөн санадық.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
21 маусым 2025 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 950
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30