» » Газет оқырманымен құнды

Газет оқырманымен құнды

qarmaqshy-tany.kz Әр қоғамда сан түрлі ақпарат құралдары қызмет етіп келеді. Олардың қатарында газеттің алар орны ерекше. Ұзақ жылдар халық пен биліктің арасында алтын көпір, қоғамның жаршысы болған да – газет. Қазір ақпаратты жеткізудің жолдары көбейгенімен, кезінде Ахмет бабамыз халықтың көзі, құлағы һәм тіліне балаған газет басылымы бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған емес. Ойлы оқырмандарымыз газет тарихы- мен біте қайнасып, қазақ баспасөзінің жанашыры ретінде әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Орынбек Мұнарбаев басшылық ететін іргелі ұжым биыл да төл газетке түгел жазылып, қалыптасқан үрдісті лайықты жалғастыра білді.

– Аудан айнасы әр кезеңдерде орын алған қиындықтарға қарамай, редакция ұжымы газет шығарудың «ыстығына күйіп, суығына тоңды». Тоқсан жыл бойы оның әрбір санында ел дамуының тарихы, өткеннен сыр шерткен естеліктер жарияланып келеді. Бұл іс жалғасын таба бермек. Төл басылым аудан өмірінің тыныс-тіршілігін, дамып, өркендеп келе жатқан Қармақшының әрбір елеулі жаңалығын ескерусіз қалдырмай, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Осылайша көпшілік оқырманның көңілінен шығып, жақсы хабарға қанықтырып келе жатқан газетке жыл сайын қалыс қалмай жазылып келеміз. Біздің мекеменің де жыл көлемінде атқарған жұмыстары газет бетінде ұдайы жарияланып тұрады, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы КММ директоры Орынбек Мұнарбаев.
Мекемелермен тығыз байланыста жүріп, халықты жұмыспен қамту үшін қазір бұл ұжымда 20 адам аянбай еңбек етуде.
– Біздің басты қызмет – жұмыссыз азаматтарды жұмыс іздеуші ретінде тіркеу, жұмыссыз есебінде статус беру, мамандығына сәйкес мүмкіндігінше жұмыспен қамту. Мамандығы сұраныста жоқ болса арнайы қысқа мерзімді оқуларды ұсынамыз. Мәселен, былтыр 30 адамды аудандық аграрлы-техникалық колледжде оқытып, жұмысқа орналастырдық. Ал «Ұлттық жоба» бойынша былтыр 370 адамға әртүрлі жоба арқылы грант берілді. Оның 158-і жастар, 44-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса, мұнан бөлек атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылар да бұл жобада қамтылды. Сонымен қатар, 750 азамат «Бастау Бизнес» курсын онлайн форматта оқып шықты. Кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары мен бизнес-жоспар жасауды меңгеріп, салық декларациясын толтыруды үйренді. Одан бөлек, әлеуметтік жұмыс орындарында 20 азамат жұмыспен қамтылды. Мұнда кәсіпкерлер төлеуі тиіс жалақының 35 пайызын үкімет субсидиялап берді. «Күміс жас» пилоттық жобасы бойынша 1 азамат жұмыспен қамтылып, жалақысының 50 пайызы субсидияланып, зейнеткерлікке шықты. 700-ден аса аудан азаматы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Президентіміз Қ.Тоқаевтың облыс әкімдеріне берген 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасы негізінде аудан бойынша 576 адамды жұмысқа орналастырып, барлығы 184,0 пайызға орындадық, – дейді білікті басшы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде газеттің қоғам өміріндегі алар орнына ерекше тоқталды. Расында да газетті оқырмансыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде тұрақты оқырмандардың орны бөлек. Олардың жылы лебізі мен ұсыныс-пікірі – біз үшін маңызды әрі одан әрі құлшына жұмыс істеуімізге себеп болмақ.
– Негізінен газет – келешек ұрпақты тәрбиелеудің басты қайнар көзі. Сондықтан да газет бетінен өнегелі отбасылардың өмір жолы, көнекөз қариялардың аңыз-әңгімелері, керек кеңестері, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді көбірек көргіміз келеді. Сонымен қатар, халықты еңбекке баулитын мақалалар, еңбегімен елге танылған тұлғалар насихатталып жүр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба берсе дейміз. Менің түсінігімде, еңбек адамы дегеніміз – тек қана жер жыртып, күріш еккен адам ғана емес, кез келген салада аянбай тер төккен жан болуы мүмкін. Мәселен, әлеуметтік, спорт, мәдениет, экономика, білім саласында да өз ісінің майталмандары жетерлік. Олардың еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі жөніндегі мақалалардың қатары артса, нұр үстіне нұр болар еді. Мені қынжылтатыны, әрі жұмыс барысымен көп кездесетін жайттың бірі – бүгінгі жас аналардың өмірлік принциптері, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өткісі келуі. Осындай жандар газет бетінен тәлімді тәрбие алып, өміріне азық болар құнды ақпараттар алса деймін. Ал газет ұжымымен бірлесе жұмыс жасағандықтан, олардың өлшеусіз еңбектеріне толағай табыс тілейміз. Біз аудан айнасының дами беруіне қолдау білдіруге қашанда дайынбыз, – дейді Орынбек Мұнарбаев.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
14 қаңтар 2023 ж. 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 373

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 453

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930