ОТБАСЫ – ҚОҒАМ НЕГІЗІ
«Руханият» орталығында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесінің маңызын насихаттау мақсатында «Отбасы – қоғам негізі» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы ашып, Қармақшы топырағына арнайы келген қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, өнегелі ұстаз – Оразкүл Асанғазықызын таныстырып, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында сіңірген еңбектеріне тоқталды.
Кездесу барысында Оразкүл Асанғазықызы отбасы тәрбиесі, ұлттық сана, әйел-ананың қоғамдағы орны жөнінде мазмұнды баяндама жасап, әсерлі ойларымен бөлісті. Ұлттың болашағы – берекелі отбасыдан басталатынын айта келе, ананың рөлін көтеру, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, салт-дәстүрді сақтау секілді маңызды мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ, жиын барысында ұлттық тәрбие, ұрпаққа өнеге беру, отбасындағы татулық пен өзара түсіністіктің маңызы туралы мазмұнды пікір алмасу болды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз алып, ұстаздық жолда да, қоғам алдындағы қызметте де өзіндік із қалдырған Оразкүл Асанғазықызына ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
Кездесуден кейін қонақтар түркі әлемінің абызы Қорқыт Ата кесенесіне арнайы барып, зиярат етіп қайтты.