ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ
Кез келген адам өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақанының жылуын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміт қайта жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына – дауа, тәніне – шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалайтын – ақ желеңді абзал жандар.
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық аурухананың терапия бөлімінің ұжымы туралы қалам тербеудің орайы келді. Аталған бөлімшеге білікті дәрігер Айгерім Шүлтікова жетекшілік етуде. Сондай-ақ емдеуші дәрігер-терапевт Айжан Орынбаева науқастарға қызмет көрсетеді. Бөлім 44 төсектік, оның ішінде 20-сы терапиялық, 5-еуі кардиология, 4-еуі паллиативтік, 15-і күндізгі бөлімде ем алатын науқастарға арналған.
Бүгінде бұл бөлім қызметкерлері қаншама жанның дертіне шипа беруде еселі еңбек етіп жүр. Аға медбике Бибігүл Зұлқашова, медбикелер Бибінұр Қаражанова, Гүлсім Жолдыбаева, Ақшолпан Жұмабек, Күлайша Ержанова, Лаура Батырбек, Маржанкүл Кемелова, Қалдыгүл Пірманова, Гүлнар Қайнарбаева, Зухра Губановалар науқас емінің шипалы болу жолында тез әрі біліктілікпен әрекет етіп, әрбір науқастың денсаулығының тез түзеліп, қалпына келуіне өз үлестерін қосуда. Бұл медбикелер дәрігерлердің тағайындаған ем-шараларын орындау барысында әрбір науқасқа егу, дәрі-дәрмектерін ішкізу, тағы сол сияқты толып жатқан медициналық көмек көрсетумен айналысады. Ал бөлімге келген төсек-жабдықтар, ас-ауқаттар, іштің тазалығына керекті жабдықтар, бәрі-бәріне шаруашылық бикесі Күлпаршын Оспанова жауапты болса, ас таратушы Гаухар Рахметова, бөлімнің тазалығына жауапты кіші буын қызметкерлері Айман Жалғасбаева, Аймереке Төлепбергенова, Ажар Айқынбаева, Гүлбарам Ефенова, Тотықұс Тобжанова, Жамал Алиеваның еңбектерін айтпай кетуге болмас. Сырқат жанның денсаулығының қалпына келуі үшін әрі бақылап, түрліше емдом жасап, барын салатын терапия бөлімінің қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.
Әрбір адамның өміріне араша түсетін медицина мамандығын таңдау кім-кімге де болсын үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені бұл сала адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы шарт. Олай дейтініміз, ақ халатты жандардың алдына күн сайын балтыры сыздап, басы ауырған қаншама жан келеді. Сондықтан да қажырлы жұмыс иелері – ақ халаттылар халықтың алғысын арқалаған жандар десек артық айтқандық болмас.
– Әрине, медицина үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Мұнда сәл де болса босаңсып, салғырттыққа жол беруге мүлде болмайды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін саған сенім білдіріп келеді. Өзіңе сондай жауапкершілік артқан соң барынша тиянақты болуға тырысасың. Ұжым қызметкерлерінің ауызбіршілігіне, үлкендеріміздің жанашырлығы, қамқорлығы әрдайым бізді жұмыста биік белестерге жетелеп келеді, – дейді бөлім меңгерушісі Айгерім Шүлтікова.
Рас, аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Осындайда, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Сондықтан да, осынау абзал мамандық иесі алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан үлкейген қарияға дейін айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ. Ендеше, қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті, кейде екінші өмір сыйлап жататын барша медицина қызметкерлері әрдайым халықтың алғысына бөленіп жүруіне тілектестік білдіреміз.
Өз кәсібіңді сүю, адал қызметің арқылы халықтың батасын алу – қай мамандық иесі үшін де үлкен бақыт. Ал бақыт – адамның табан ет, маңдай терімен келетін, оңай уысыңа түспейтін киелі ұғым. Бүгінгі біз әңгімелеген ұжым қызметкерлері де адам жанының шипагері, аялы алақан иелері.
Ақнұр САҒЫНТАЙ