» » Міндетіне адал мейірбике

Міндетіне адал мейірбике

Қашан көрсеңіз де, бір қалыпта жүретін осы бір замандастың мінезіне іштей қызығатындар көп. Білесіз, медицина саласының жұмысы қай кезде де қат-қабат, қым-қуыт шаруадан тұрады. Бір орында отырып істейтін жұмыс емес. Ол медбике қызметі болса тіпті де екі еселенеді. Бұлай айтуымыздың өз себебі бар. Үй аралау, науқастардың жағдайын білу, қабылдауға келгендердің құжаттарымен айналысу да – осы нәзік те жауапкершілігі жоғары мамандық иелерінің құзырында.
Біз сөз еткелі отырған мамандық иесінің бірі – Ләззат Пірманова Тұрмағамбет ауылының тумасы. Сонда 1968 жылы дүниеге келген. Ол Жосалы кентіндегі жүз жылдан аса тарихы бар Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектепте білім алған. Сол мектеп қабырғасында жүріп, оның медицина саласына қатты қызығушылығы басталады. Өйткені саланың қай маманын көрсе де мұнтаздай тазалық, аппақ түсті киім үлгісі мен темірдей тәртіп жасөспірімнің медицинаға деген көңілін біржолата аударып жіберген-ді. Ақ халатты ару болуды қалаған бойжеткен 1984 жылы Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны «Медбике» мамандығы бойынша жақсыға бітіріп шығады. Бітірген 1987 жылдың шілдесінен бастап аудандық Балалар емханасына учаскелік медбике болып жұмысқа орналасып, осы уақытқа дейін сәбилердің денсаулығы үшін аянбай күресіп келеді. Қазір қарап отырсақ, содан бері де арада өткен 37 жылда тынымсыз еңбек етіп, бір дамылдауды білмепті. Жүрегі жұмсақ, жүзінен мейірім самалы есіп тұратын маманның осынау жылдары ізденіске, зор қарбаласқа, маңдай терге толы. Олай дейтініміз – қырық жылға жуық еңбек өтілінде талапқа сай, үнемі білімін жетілдіріп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде өзін қамшылап отырыпты. Негізгі жұмысымен қатар, емхананың қоғамдық істеріне де белсене атсалысыпты.
Қай жұмыста да аға буынның өзінен кейінгі жас толқынды мамандыққа баулып, оның сыры мен қырына үйрету – қадірменді іс саналған. Біздің кейіпкеріміз де ұжымдағы жастарға осы кезге дейінгі қызметінен жинаған тәжірибесін іспен көрсетуден де, ауызбен насихаттаудан да шаршаған емес. Уақыт бір орында тұрмайды. Жылжып жатқан сағаттар. Өзі де кеше ғана емханаға сымдай тартылған балауса бойжеткен болып келсе, бүгінде ұжымның аға буынының алды. Жастар бой түзейтін, жақсы көріп, сыйлайтын, құрметтейтін әпкесі, кейбіреулеріне екінші анасы іспетті. Сол үшін де білгенді ұжымға беру, жас мамандарға қолдау білдіруді Ләззат Бостанқызы адамгершілігі алдындағы адал парызы есептейді. Ұрпақтармен сабақтасып жататын өмірдің заңдылығы да осы деп ұғады ол.
Өзі еңбек ететін «Шипагер» емханасында болып, білікті маманның қазіргі таңда атқарып жүрген шаруасы, елге көрсететін қызметі жайлы өз аузынан сұрап білген едік.
– Сырт көзге қарағанда медбикенің жұмысы елеусіздеу көрінетіні бар. Бірақ оның атқаратын жұмысы аз емес. Өз аймағымызда жас сәбилердің денсаулығын бақылап, түрлі аурудың алдын алу үшін іс-шаралар жүргіземіз. Жас аналармен сырласып, аурудың алдын алуда екпелер жасаймыз. Манту сынамалары, қандай да бір науқастың алдын алуда скринингтік профилактикалық тексерулерді жүзеге асырамыз. Оның уақытында жүргізілуі де біздің қадағалауымызда болады. Қазір «Әмбебап- прогрессивті» модель әдісімен 5 жасқа дейінгі балалардың дұрыс өсіп, психо-социалдық дамуы мен отбасындағы әлеуметтік жағдайының оң болуына насихат жүруде. Баланың дұрыс тамақтануы, жанұяда қауіпсіз болуы, зорлық-зомбылық және жүкті әйелдер денсаулығындағы қауіп-қатерді анықтап, профилактикалық жұмыстар жүргізу де медицина бикесінің міндетіне кіреді. Тәжірибеміз бар, қолдан келгенді аяп қалып жатқанымыз жоқ. Бастысы – халықтан алғыс арқаласақ, – дейді өз ісінің шебері.
Алғыс демекші, білікті мейірбикеге тұрғындар арасынан алғыс айтушылар да жетерлік. Солардың қатарында М.Шоқай көшесі, No5 үйдің тұрғындары, Қалдашбаевтар отбасын айтқан болар едік. Олар – «Денсаулық – зор байлық» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Немерелеріміздің денсаулығы отбасы үшін маңызды. Осы ретте аймақтық мейір- бикеміз Л.Бостанқызының еңбегін бағалауды жөн санаймыз. Маманның елгезектігі, мейірімділігі, сәбиге деген сүйіспеншілігі бөбектерді ауруынан тез сауықтыруына септігін тигізуде. Уақытпен есептеспейтін маманға біз отбасымызбен ризашылығымызды айтып отырамыз» десе, осы көшенің тағы бір тұрғыны Роза Бақтыбаева алғысын былайша жаудырады. «Ләззат Бостанқызы біздің аймақтық медбике. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп жүрген мықты маман. Жылы сөзімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, барлық адам үшін еңбек етіп жүрген жан. Халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал медбике. Біздің учаскенің барлық тұрғынын түгендеп, отбасылық медбике ретінде жанын беруге әрдайым дайын адам. Еңбегінің жемісін көріп, биік белестерді бағындыруына шын жүректен тілектеспіз» дейді ол.
Ләззат ұжымында сыйлы әріптес болса, жанұясында ардақты жар, аяулы ана. Жұбайымен бірге отбасында 3 бала тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға қондырып, бүгінде шаңырақта көз қуанышы болған немерелерінің асыл әжесі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
13 сәуір 2024 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930