» » Мамандығын бала күнінен жақсы көрген

Мамандығын бала күнінен жақсы көрген

qarmaqshy-tany.kz Зәурештің кішкентайынан дәрігер қауымы киетін ақ халатты, жалпы ақ түсті ұнататыны тегіннен-тегін емес екен. Анасы Каримадан тазалықты, мейірімділікті көріп өссе, әкесі Әбділден адалдықты, қамқорлықты бойына жиды.
Ақай ауылында дүниеге келген ол 1970 жылы Ақжар ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Есепші болып қызмет ететін әкесінің жұмысына байланысты отбасы осында көшіп келген еді. Әкесінің еркесі болып өскен өрімдей қыз пысық та әр істі тындырымды атқаратынымен ерекшеленетін. Еркелегіштігімен қатар, ержүректілігі де әкесіне тартқан-ды. Әйтпесе, екінің бірі таңдай бермейтін медицина саласының майталман маманы атанушы ма еді?! Бірақ кейде өмір біздің ойлағанымыздай бола бермейтіні де бар. Бір қуаныш, бір өкініштің алмасып отыратыны-ай? Сол айтпақшы, өкініштісі, жанұяның таудай тірегі 1976 жылы өмірден өтіп, Зәурештің бала жүрегінің мұңайғаны бар. Алты баласын арқалап өсіре жүріп, әрбірінің өмірден өз орнын қалап табуына анасы барын салып жұмыс істеді. Ұрпағына ұлағатын көрсетіп, тура жолға сілтеді.
Орта мектепті бітірген жас сұлу Зәуреш Ембергенова ауылда өндірісте еңбек етіп, қатар-құрбысына өнеге бола білді. 1984 жылы оның аңсаған арманы орындалып, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесінің студенті атанады.
"Сол кездегі қуанышымды әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ. Мектептегі алған білімімнің арқасында емтихандардан сүрінбей өтіп, қалаған мамандығыма түстім. Медицина – барлық мамандықтың ішіндегі (мен үшін, әрине) ең бір ерекшесі ғой. Адамның тәнін емдеумен қатар, жанын да сауықтыруға тырысасыз. Қиналғанда жанынан табылып, демеу болудың өзі – мұсылманшылықпен айтқанда, үлкен сауап. Науқастың жағдайын білу, шипалы қолыңды ұсыну – бұл адамзат баласы тарихындағы керемет іс" дейді ол студенттік кезін еске алып.
Қазір Зәуреш Әбділқызы өз ісінің нағыз майталманы. Ізінен ерген жастардың жанашыр тәлімгер-ұстазы. Ауыл халқының құрметі мен алғысына бөленіп отырған бақытты жан. Оның еңбек өтіліне жақында отыз алты жыл толады. Сонау 1986 жылы медицина училищесін бітіріп, қолына дипломын алған бойжеткеннің алдынан үлкен сый күтіп тұрған болатын. Келесі жылы қуаңдариялық азамат Ермұрат Ахметовке тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Әйел-ананың өмірдегі бар бақыты мен базары – отбасында десек, жанұяның жылуын келтіріп, ұрпағына тәлім беру – ана үшін мәртебе әрі мерей.
Көпбалалы шаңыраққа келін болып түскен Зәурештің енесінен үйренгені де көп болды. Қайынатасы Баян Ахметов осы ауылдың іргетасын қалап, қолмен құрған алғашқы азаматтардың бірі. Бір сөзбен айтқанда, елге еңбегі сіңген жан. Енесі Қаншагүл Оспанова болса, он бала тәрбиелеп өсірген алтын құсақты Батыр ана. Зәуреш әулеттегі төртінші ұлдың келіншегі. "Мен үшін жұмысым да, отбасым да маңызды. Өйткені, екеуі де адам факторы. Денсаулық қашан да бірінші кезекте. Бұл пікіріммен келісесіз деген ойдамын" дейді ол сөз арасында.
– "Әке қөрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген. Әке-шешемнен, ата-енемнен алған тәрбиемді балаларыма үлгі қылып айтып отырамын. Жұбайыммен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Оларды еңбекке баулып, өмірде өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, әділ, таза жүруге насихаттадық. Білім алып, ертеңгі күні білікті маман атануына бағыттап отырдық. Ата-ананың бар мұраты – баласы адал болып, сенімін ақтаса, еңбегін еш етпесе басқа оған ештеңенің керегі жоқ. Бұл ретте перзенттеріміз бізді ұятқа қалдырған емес. Шүкір дейміз, – дейді кейіпкеріміз жымия күліп.
Балалардың тұңғышы Нұрбек Байқоңырда механик болып еңбек етсе, оның келіншегі медбике болып қызмет атқарады. Екінші ұлы Нұрлыбек Қызылорда қаласында әскери қызметте. Оның жолдасы қолөнер шебері. Қызы Назерке қаладағы No173 орта мектепте ұстаздық етіп жүр. Осы ұл-қыздан тараған жеті немере атасы мен әжесінің көз қуанышы, мақтанышы.
"Ауылда 1987 жылдан ауруханада үздіксіз медбикелік қызмет етіп келемін. Медицина саласын бала кезімнен таңдап, жақсы көргенмін. Мамандығын ұнатқан адамның жұмысы жемісті, табысты болады. Ол – рас екен. Кей адамдар мамандығын сан мәрте ауыстырып жатады. Жұмысын да. Бұл жанына жақын мамандықты таңдай алмағанынан деп топшылаймын. Мен де ондай ой мүлде болып көрмепті. Мамандық таңдаудан жаңылыспағанымның кепілі бұл болар, бәлки. Тұрақты еңбек етіп, науқасқа алғашқы көмегімді беруден таңған емеспін. Үй аралау, емдік шаралар жасау, тегін дәрі-дәрмек беру, науқастың жағдайын біліп тұру – менің негізгі қызметіме кіретін жұмыстар. Осы жұмыстарымды ұзақ жылдар бойы адал атқарып келемін деп сеніммен айта аламын. Басты мақсатым – халықтың игілігіне қызмет жасап, алғысына кенелу" дейді Зәуреш Ембергенова ағынан жарылып.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
07 қаңтар 2023 ж. 594 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031