ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ
Абай әлемі – қазақ руханиятының алтын қазығы, адамгершілік пен парасаттың мәңгілік шамшырағы. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы бізге өлеңмен өрілген өрелі ойларын, қара сөзбен көмкерілген кемел кеңестерін, жүрекпен жазылған жан сырын қалдырды.
Абайдың әлемі – ол тек әдеби мұра ғана емес, ол – өмір сүру мектебі, адам болудың жолы. Абай – өз дәуірінен озық туған кемеңгер. Ол надандық пен жалқаулықты сынға алып, елін білім мен ғылымға үндеді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, әр адамға өмірден өз орнын табуды, еңбекпен шыңдалуды аманаттады. Оның бұл ойлары бүгін де өзекті.
Абай әлемі – рухани ізденістің кеңістігі. Оның шығармаларын оқыған сайын әр жолынан жаңа ой, жаңа мағына табасыз. Мәселен, махаббат жайлы жырлары жүректі тербетсе, табиғатты суреттеуі жанды жадыратады. Ал қара сөздері – адам жанының айнасы, тәрбиенің темірқазығы. Бүгінгі жас ұрпақ Абайды оқып қана қоймай, оның айтқандарын жүрекпен сезінуге, өміріне қолдануға тиіс. Себебі Абай – біздің рухани бағдаршамымыз. Абайдың сөзімен өмір сүрген жан адаспайды, арсыздық пен надандыққа бой алдырмайды.
Биыл Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына – 180 жыл. Осыған орай жақында Ақай ауылдық кітапханасының коворкинг орталығында кітапханашы Қалимаш Мұсақызының ұйымдастырумен «Абай әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу.
Әдеби-сазды кеш аясында кітап көрмесі таныстырылып, оқушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығынан бейнеролик тамашалады. Бегімсұлу Русланқызы «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін Назым Рысдәулетова, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін Мустахима Жұмабекова жатқа оқыды. Сонымен қатар ісшара аясында оқушылар Абай атамыздың қара сөздерін, өлеңдерінен үзінді оқып, сұрақтарға жауап берді.
Кеш соңында қорытынды сөз №99 орта мектебінің тәлімгері Тамара Жұмамұратоваға беріліп, ол өз кезегінде шараға белсене қатысқан оқушыларға сыйлықтар табыс етті.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ