Абайды тану – құндылыққа қадам
Өз болашағын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарды шын бағалай білетін халықтың болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде кез келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы мен мәдени мұралары.
Осы ретте еліміздің ертеңі, әрқайсысымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса өзекті тақырып. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамыту мәселесі қазақ ақын-жырауларының ой иірімдері, даналық тұжырымдары, халықтың адамгершілік ұғымдары мен ойлары арқылы жүргізілуі тиіс. Бұлар жас ұрпақтың адамгершілік сезімдерін дамытып, Отан алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға деген оң көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді.
Осы орайда жас ұрпақты ұлттық құндылыққа баулудың бірден-бір жолы – Абай мұралары. Абайды оқыту арқылы жаңа биіктерге көтерілу, рухани өсіп-өркендеген іргелі еліміздің елдік белгісін биік дәрежеге көтеру. Бүгінгі күні білім беру саласында «Абайтану» мәселесіне басты назар аударылып отырғаны да – осының айғағы.
Бастапқы кезеңде 2003 жылдары орта буындарда «Абайтану» арнаулы курсы болып енгізілген сабақтарда оқушыларды Абай оқулары сайысы мен ғылыми жобаларға дайындау мақсаты көзделді. Абай өлеңдерін жатқа оқып, әндерін нақышына келтіріп айтуда бәйге биігінен көрінген оқушылар республикалық дәрежеде өнер көрсетіп жүрді. Кейіннен бұл үрдіс те қалыпты жағдайға ұласты. Жыл сайын өткізілетін «Абай-Шәкәрім оқулары» сайысының жүлдегерлері көбейді. Бұл Абай мұрасын оқушылар бойына сіңірудің бастамасы еді.
«Абайтану» сабақтарында оқушылардың жас ерекшелігіне орай Абай шығармалары жіктеліп, талданады. Абай шығармаларын адами, отбасылық, мәдени, тарих, тіл, салт-дәстүр құндылығы деп жікке бөлу арқылы мұраларын танытуға болады.
Орта буында оқу-білімге, адамгер- шілікке шақыратын өлеңдері арқылы адами құндылыққа баулысақ, жоғары буында махаббат лирикасы мен саяси әлеуметтік өлеңдері арқылы отбасылық құндылықтарды үйретуге болады.
Абай өлеңдеріндегі ұлттық құндылықтарды танытудың тағы бір жолы – қара сөздерін талдау. Жоғары сыныптарда қара сөздерді талдау оқушылардың сыни көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі Абай қара сөздерінің өзі сыни тұрғыда жазылған. Халықтың жақсылығы мен жамандығы, бала тәрбиелеудегі олқылықтар, мақал-мәтелдердің озығы мен тозығы жайлы сөз қозғаған ұлы ақынның бұл мұрасын 9-11-сыныптың оқушылары кеңінен өз пікірлерімен дәлелдеуге ұмтылады.
Абай қара сөздерінің мазмұны да бүгінгі күні жаңартылған бағдарлама бойынша талап етілетін эссенің негізі деуге болады. Мысалы, 2-қара сөзіндегі өз мініңді көре білу, 5-қара сөзіндегі мал туралы мақалдарға талдау жасалуы бұл бүгінгі эссе талаптарын орындап тұрған құнды дүние. Осыны оқып отырған оқушылар кез келген дүниені тек оқып қана қоймай, ой елегінен өткізіп жазуға дағдыланады.
Жас ұрпаққа қажетті құндылықтардың бірі – отбасылық тәрбие. Бұл тұрғыда Құнанбайдың әуелден-ақ Абайдың әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Әке мен бала арасындағы қай заманда да болатын мәселені шешу осы Абай мен Құнанбай диалогындағы сөздермен-ақ ұғындыруға болатыны сөзсіз.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы заңдылық. Абай – ұлы ұстаз, кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз.
Қорыта айтқанда, Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің қайнар бұлағы. Абай айтқан «толық адам» тұлғасын тәрбиелеуде жас ұрпаққа ұстаным ретінде Абай шығармаларының идеясын негізге алу – өркениетті елге бастар бір жол болмақ.
Шаттық КАНАЛБЕКҚЫЗЫ