ДАРЫНЫ БІР ТӨБЕ МАМАН
Көптен бері ішіме сыймай жүрген бір дүние бар-тын. Бірақ оның сыртқа шығар сәтін де күтіп, әлсін қалам мен ақ параққа бір-екі сөйлемнің басын жазып, әрі қарайғысын көп ойланып жүрдім. Кейде өзге жазушылар секілді «Осы жұрт пәленшені таниды ма екен?» деп тақырыбын айқайлатқым да келді. Жоқ, орайын күттім. Сөйтіп жүргенімде кейіпкерімнің өзі де кешегі Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Ауданымыздың талантты өнерпазы Нұркен Әлиасқаровты былайғы жұрт тек мәдениет саласының қызметкері ретінде танып жүр. Алайда кешегі Жеңістің 80 жылдығына орай ауданда өткен үлкен іс-шарада көпшілік оның шынайы актерлық шеберлігін тамашалап, бағасын берді. Кімді сомдады дейсіз ғой тағы? Қазақтың нағыз батыры Бауыржан Момышұлының соғыстағы бейнесін сомдап, келген халықты таңғалдырды. Нұркеннің сол кездегі бейнесі мен зіл қатқан дауысы расымен батырды бір еске түсірді. Артқа қайырған шашына дейін айнытпады. Сол іс-шараға қонақ болып қатысқан Бағбан Тәйімбет ағамыз бастапқыда оны Алматыдағы өнер академиясынан алдырған актер екен деп қабылдапты. Бірақ өнер иесін ауданның азаматы, мәдениет саласында қызмет істейді деп таныстырғанда Бағбан ағамыз оның актерлық дарындылығына риза болыпты.
Бұған дейін де Нұркенді театр қойылымында көп көріп жүрміз. Ол аудандағы мәдениет ошағында мәдени ұйымдастырушы. Сахнада рөл сомдағанда оның бейнесі көпке дейін көз алдымыздан кетпеген. Өзіне тапсырылған образды беріліп ойнағанда талай көрерменнің күліп те, көзіне жас алғанына да куә болдық. Мәселен, драматург Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Таубайдың рөлін сомдағанда жүрегіміз бір езілмей қоймағаны рас. Нақ сол кейіпкерге еніп, қойылымды алып шыққанда орнымыздан тұрып кетердей күй кешкеніміз жасырын емес. Жалғыз ол емес, біз көрген «Алғашқы махаббат», «Қоштасқым келмейді» және одан басқа да қойылымдарды сомдағанда сөзден жаңылып, іркілгенін байқаған емеспіз. Тосыннан комедиялық рөлді сомдағанда көрерменді күлкіге еріксіз қарқ қылады.
Жалпы Жаратқанның адам бойына тән асыл қасиеттің бәрін үйіп-төгетініне тәнті боласың. Мен білсем Нұркен Сейіткәрімұлына өнердің биігіне жетелейтін дарын берген. Кейде отырыстарда сөз алғанда сөз саптауы бөлек. Ат құлағын теңестіргендей әр сөйлемі әдемі, тіпті Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Жұмекен Нәжімеденов ақындардың өлеңін жатқа айтқанда «ой пәлі, пах шіркін» деп бір серпіліп қаласың.
– Өнер саласына келу – ол үлкен мұхитқа шыққанмен бірдей. Сен онда жүзе білуің керек, батып кетсең амалын тауып шығуың қажет. Бойында таланты бар адам өнер таңдамайды. Қажет болса актер да бола алады. Жалпы актер – көрерменге жүрек жылуын жеткізуші, яғни өзі сомдап жатқан образ арқылы. Қойылым сәтті шығуы үшін көрермен де актерге өз жылуын беруі тиіс. Екеуі үйлесім тапқанда ғана қойылым өз үдесінен шыға алады. Бала кезден өнерді сүйдік, қазақ кино саласындағы ірі тұлғалардың өнеріне қызығып өстік. Кейін оқуға түсіп, аудандағы мәдениет саласына қызметке келдім. Міне содан бері қасымдағы әріптестеріммен бірге сахнаға шығып, көрермен көзайымына айналып жүрміз, – дейді өнер иесі.
Қазақ қашанда өнерді бағалаған халық қой. Жақында аудан әкімі Жандос Еркінбек Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарын қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауда Нұркен Сейіткәрімұлының өнеріне жеке тоқталып, шын ықыласын білдірді. Саладағы еңбегін бағалап, облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ