БАЛАБАҚША – МЕЙІРІМ АЙМАҒЫ
Адам өміріндегі ең жауапты әрі мағыналы шешімдердің бірі – мамандық таңдау. Себебі әрбір кәсібің – сенің қоғам алдындағы орның, өмірлік жолың, тағдырың. Мен бұл жолда жүрек қалауыммен тәрбиеші болуды таңдадым. Себебі тәрбиеші – жай ғана маман емес, ол – балалықтың бағбаны, бала мен болашақтың арасын жалғайтын алтын көпір.
Балабақша – мейірім мен махаббаттың, жылулық пен жан жылуының орталығы. Бұл ортада тәрбиеші – басты тұлға. Оның мейірімді жүрегі, сабыры мен шығармашылығы әр баланың жүрегіне жол табады. Менің бұл мамандықты таңдаудағы басты себебім – күнделікті бірізді жұмыс емес, керісінше, үнемі ізденіске, шығармашылыққа, жаңашылдыққа толы еңбекте өзімді табу еді. Күн сайын баламен бірге өсіп, бірге дамимын. Өзім білгенімді үйретіп қана қоймай, олардың әлемінен өзім де нәр аламын.
Мен алдыма екі үлкен мақсат қойдым. Бірі – баланы жан-жақты дамыту, екіншісі – өз ордам, яғни бөбекжай-бақшамның туын биік ұстау. Бұл мақсаттарға жету үшін үлкен рухани тазалық, асқан жауапкершілік, сарқылмас төзім мен жүректің қалауы қажет. Тәрбиешінің еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін киелі қызмет. Бұл мамандықтың қиын тұстары көп-ақ, әр баланың мінезі, көңіл-күйі, қабілеті әртүрлі. Алайда осы қиындықтардың артында үлкен бақыт, шексіз қуаныш, ерекше мақтаныш сезімі жатыр.
Қазіргі заман тәрбиешісінен тек кәсібилік емес, рухани ізденіс, білімге құштарлық, баланың жан-дүниесіне үңілу қабілеті талап етіледі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек» деген еді. Сондықтан мен үнемі өз білімімді жетілдіріп, тәжірибемді әріптестеріммен бөлісіп отырамын. Өз ісімді шексіз жауапкершілікпен қабылдап, әр күні баланың жүрегіне жол табуға тырысамын.
Менің түсінігімде тәрбиеші – тек балаға білім беруші емес, ол – болашақты болжай білетін, өзгерістерге дайын, мектепке дейінгі мекеменің жағымды имиджін қалыптастыратын, ұжымда жағымды ахуал орнатуға тырысатын көшбасшы. Осы бағытта жұмыс істеу мен үшін абырой әрі бақыт. Себебі мен әр күні жаңалық ашамын, әр сәтте бір баланың күлкісінен шаттық сезінемін, әр жетістігімнен жігер аламын.
Мұхтар Шаханов «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әркез сол кілт жүруі керек» деген екен. Расында да, әр баланың жан сарайына үңілу – үлкен шеберлікті қажет етеді. Мен сол кілтті тапқан сайын, өзімді бақытты сезінемін. Себебі бала жүрегінен орын алу – ең үлкен марапат, ал олардың сеніміне ие болу – өмірлік миссиям. 8 жылдық еңбек жолымда бұл мамандықтың маңызын терең түсіндім. Әріптестеріммен тәжірибе алмаса отырып, мен өз мамандығыммен бақытты екенімді сезінемін. Себебі бала – біздің өміріміздің жалғасы. Оларға берген тәрбие – елдің болашағына салынған іргетас.
Мирамкүл ЕРМЕКБАЕВА,
№5 «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі