Тәрбиеші болу бір бақыт
Балабақша – баланың өмірге аттаған, алғашқы қадамы, балалардың жеке тұлға болып қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Балабақша тек қана оқу орны емес, сонымен қатар бала үшін үйден тыс жерде екінші үйдің рөлін атқарады. Мен балабақша тәрбиешісі ретінде өзімнің мамандығымды мақтан тұтамын. Себебі әрбір күн – мен үшін балалардың өміріне жағымды өзгерістер енгізу мүмкіндігі. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Өйткені тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет.
Балабақша тәрбиешісі болу – менің жүрегіммен, барлық біліміммен және кәсіби біліктілігіммен айналысатын қызметім. Балабақшада әрбір бала ерекше тұлға. Менің міндетім – олардың әрқайсысын түсініп, құрметтеу әрі қажетті қолдау көрсету. Әрбір баланың даму жолы әртүрлі, сондықтан мен әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларға тиісті тәрбие мен білім беруге тырысамын. Балалармен жұмыс істеу мен үшін үлкен жауапкершілік. Мен олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін, зейіндерін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектесемін. Сонымен қатар, ата-аналармен жұмыс менің міндеттерімнің маңызды бөлігі болып табылады. Мен ата-аналармен тығыз байланыста боламын, олардың балаларының күнделікті өмірін және даму процесін бақылап, ата-аналармен бірге баланың қажеттіліктеріне сәйкес шешімдер қабылдауға тырысамын.
Мен үшін тәрбиеші болу үлкен бақыт. Өмірімнің бұл саламен байланысқаны үшін ризамын. Бұл үлкен жауапкершілік әрі ерекше құрмет. Себебі балабақшадағы жұмысым арқылы мен болашақ ұрпаққа жол көрсетіп, олардың саналы әрі тәрбиелі азамат болып өсуіне ықпал етемін. Мен үшін бұл кәсіби жол тек жұмыс емес, сонымен қатар жүрегімнің бір бөлігі. Әр баланың жетістігі – менің ең үлкен жетістігім әрі еңбегімнің бағасы.
Айша ЖҮСІПБЕКОВА,
«Тоғжан» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі