» » Саялы мекендегі ана немесе 70 баланың әжесі

Саялы мекендегі ана немесе 70 баланың әжесі


   Қазір балабақшаға бармайтын бала бірен-саран. Балаға берілетін тәрбие мен білімнің негізі және алғашқы фундаментін қалайтын мектеп емес, балабақша десем сенесіз бе? Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Себебі мұнда балалар бірінші рет «апай» деген сөзді аузына алып, «ұстаз» деген ұғымды санаға сіңіреді. Ал бала – біздің болашағымыз, көз қуанышымыз. Әрқашан оған киер киімнің жақсысын, тамақтың дәмдісін ұсынғымыз келеді. Балабақша таңдауда да осы қағиданы ұстанамыз. Баламыздың жарық, жылы, үйретері мол жерде жүргенін қалаймыз. Осындай заманға сай жабдықталған кенттегі балабақшаның бірі – «Әсия ана» балабақшасы.
   Бұл балабақшаның ашылғанына жарты жылдан асты. Десе де, көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген. Қазіргі таңда балабақшада 3 топта 62 бүлдіршін тәрбиеленуде. Әрбір үйдің аманатын аялап ұстап тәлімді тәрбие беріп отырған балабақшаға «Медицина саласының үздігі» медалінің иегері Әсия Бекбергенова басшылық етеді. Әрі талапшыл, әрі мейірімді басшыны балақайлар «әже» деп атайды екен. Мұны естігенде ерекше сезімде болдық. Себебі бала мейірім көрген кезде ғана оған өзінің жақынындай қарым-қатынаста болады. Әже дегеніміз нағыз өміріміздің шуағы, мейірімнің бұлағы емес пе?
– Жалпы өзім балалар дәрігері болып ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Бұрыннан балабақша ашуды армандайтынмын. Бұл – менің бірнеше жылғы арманым мен мақсатымның жемісі. Өзім дәрігер болғандықтан күнделікті балаларды тексеріп, еркелетіп қабылдап аламын. Балақайлар мені «әже» дейді. Барлығының атын жатқа білемін. Өзімнің 8 немерем бар. Осында 62-сі бар. Барлығы 70 бүлдіршінге әже екенмін. Осыған шүкір деймін. Балабақша ашудағы ең бірінші мақсатым – ерекше балаларды қамту. Яғни бізде оларға арналған орталықтар бар. Бірақ балабақша кемде-кем. Олардың да қоғаммен белсене араласып, таным-көкжиегін кеңейту мақсатында осы істі қолға алдым. Қазіргі таңда біздегі бүлдіршіндердің 12-сі логопедпен қосымша жұмыс істейді. Алғашқы келгеніне қарағанда нәтиже бар. Анық сөйлеп, қатарластарымен араласуды бастады. Мұндай өзгерістерді тәрбиеші де, ата-ана да аңғарған. Бұл – біздің еңбегіміздің ортақ жемісі. Сонымен қатар балалардың адал, таза, пайдалы ас ішуін қатты қадағалаймыз. Себебі дұрыс тамақтанған балада ғана мықты иммунитет болады, – дейді Әсия Мүсілімқызы.

   Иә, балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне аянбай қызмет етуде. «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін үнемі шығармашылық ізденіс жолында өткізеді. Балабақша «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы» бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізіп келеді. Бар ғұмырын балалардың денсаулығына арнаған Әсия Мүсілімқызы қазір бүлдіршіндердің бабын жасау үшін барын салуда.
Жалпы тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мем­лекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұр­пақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің ен­шісінде. Заман өзгерген сайын­ әдіс-тәсілдер көбейіп, жа­ңа­­­рып, толығып жатыр. Бала­лар­дың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибесінде қолданып көруден балабақша тәрбиешілері жалыққан емес. Жаңа технология­ны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. Жаңа заман баласы –­ ер­­теңгі еліміздің бола­ша­ғы. Жаңа заман баласын қалып­тастырып, дамы­ту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анық­­тап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағ­дай жасау қажет. «Әсия ана» ба­ла­бақ­шасында балаларға үз­діксіз білім беруде барлық жағ­дай қарастырылған. Жарық пен үйлесімділікке толы балабақша ұжымы өз тәрбиеленушілерін тәрбиелеу ісіндегі өз рөлін түсінеді. Тәрбиешілер аталған балабақшаны жайлы және жылы үйге айналдыру үшін көп күш жұмсайды. Балабақшада қызықсыз күн болмайды. Балалар мұнда өздерінің дамуы үшін қажет нәрсенің бәрін алады.
Балабақша – бұл ерекше атмосферасы бар, балалардың күлкісіне, ынта-жігеріне, таңданысына толы сиқырлы мекен. Бала үшін балалық шақтың осы керемет әлемінде болу – алғашқы ашылулардың, жетістіктер мен жеңістердің ұмытылмас сәттері. Мұндай жерде кез келген адам жұмыс істей алмайды, тек мейірімді, қамқор және сүйіспеншілікке толы жүрегі бар, барлық балаларды бірдей жақсы көре алатын және мектеп жасына дейінгі балалардың өміріндегі әрбір сәттің құндылығы мен маңыздылығын түсінетін адамдар ғана қызмет жасайды.
– Балабақша – келешек, ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Бұл мекенді білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни біздердің қолымызда баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып, келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Балабақшаның қазіргі міндеті – күнделікті тәрбиеленушілерге бақыт сыйлау. Ал алдағы уақытта ерекше балаларға арналған топ ашу жоспарда бар, – дейді Әсия Бекбергенова.
   Иә, қызыққа толы, алайда жауапкершілігі мол салада абыроймен жұмыс істеу де бір бақыт. Қазір әлеуметтік желінің заманы болғандықтан жүрген жерімізді көрсетіп жүреміз. Осы балабақша жұмысымен танысқанымды көріп, бір Ақгүл Төреева есімді оқырманым «Менің кенжем осы балабақшаға барады. Тәрбиешілері кішіпейіл. Барлық жағдайы жасалған. Мұнда келгелі үйренгені көп. Өзі де «балабақшаға барамын» деп жақсы көріп келеді. Сондықтан мұнда еңбек ететін әрбір жанға алғысым шексіз» деп жылы лебізін қалдырыпты. Осылай көптің алғысын арқалап келе жатқан балалар мекенінің шығар биігі мол болсын.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
 
30 қаңтар 2024 ж. 1 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930