» » Ел игілігіне – жаңа балабақша

Ел игілігіне – жаңа балабақша

Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Балабақша – келешек ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Жақында кент орталығында білімнің алғашқы баспалдағы саналатын жаңа балабақшаның лентасы қиылды.
Тәжірибелі педагог Шәрбану Шүкірованың жетекшілігімен ашылған «Ай-Ару-2» балабақшасы 45 бүлдіршінге арналған. Балдырғандарға  есігін айқара ашқан балабақша заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. 2 топқа арналған ойын, жатын бөлмелері бар. Білікті педагогтар балғындарға тағылымды тәліммен қатар, білімге баулиды.
– Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау – елiмiздiң әлеуметтік құқықтық саясатының басым бағыттарының бiрi. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы бiлiммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңiл бөлiнiп отыр. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшiн барлық жағдайды жасау керегiн нақтылады. Мiне балғындарды шаттыққа бөлеу мақсатында осы бастаманы қолға алып отырмын, – дейді балабақша меңгерушісі.
Бұл балабақшаның басты ерекшелігі – бал тілді балғындарды қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа баулу, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау көзделуде. Мұнда кішкентайлардың денсаулығы – басты назарда. Дәрігерлер бөбектерді күн сайын тексеріп отырады. Ал, ата-аналар бұл бөбекжайда білімдар әрі саналы ұрпақ өсіп шығатынына сенімді. Нысанның ресми ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының бас маманы Гүлзира Исламханова  арнайы келіп, жаңа нысанның ұжымына сәттілік тіледі.
– Балабақша – барлық тәр­бие мен білімнің ең алғаш­қы баспалдағы іспеттес. Мұн­­­дағы тәрбие мен білім ба­ла­­лар­дың табиғи мінезін, қа­бі­летін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қам­ту өзімнің басты мақсат­тарым­ның бірі екенін қуана айта аламын. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, алдымызға келген әрбір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылыққа, қазақылыққа тәрбиелеуді қолға алудамын, – дейді Шәрбану Кеңесбекқызы.
Бүгінде балабақшада 10 қызметкер бар. Оларға қойылар талап та жоғары. Ұлттық құндылықты ұлықтауды мақсат еткен бұл мекеменің арқалар жүгі ауыр.
– Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан, тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу бағытында аянбай еңбек етуге әзірміз, – дейді балабақша тәрбиешілері.
Ал ата-аналар қазақы дәстүрді үйреткісі келетін балабақшаға ерекше қызығушылық танытып отыр.
– Балабақшаның ішін өзім аралап, танысып шықтым. Барлығы стандартқа сай. Үйге жақын болғандықтан әрі жұмыс істеу бағыты ұнағандықтан осы балабақшаны таңдап отырмыз, – дейді немересін жетектеген әжей.
Жаңа балабақшаның табалдырығын аттаған бүлдіршіндер биік белестерді бағындырар азамат боларына сенім мол. Ел игілігіне ашылған балабақша жақсы жаңалығымен қуанта берсін.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
07 маусым 2022 ж. 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930