"Ханшайым-2" балабақшасы ашылды
Халқымыз әрқашан бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Сәби өмірге келген сәттен бастап, оның өсіп, ақыл-ойының жетілуіне үлкен көңіл бөлген. Себебі ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де басты мәселе. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Ал тәрбиенің бастауы отбасыдан басталса, кейін балабақшамен, одан әрі мектеппен жалғасын таппақ. Балабақша – бүлдіршін үшін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Әр үйдің еркесі бұл жерде бой түзеп, білім мен тәрбие алып, ортамен араласуды меңгереді.

Жақында аталған балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров арнайы келіп, ізгі тілекпен лентасын қиды. Ата салтымызды берік ұстанатын әжелеріміз бұл қуанышқа арнап шашу шашса, балабақша тәрбиеленушісі Кәусардың атасы Қуантай ақсақал ақ батасын берді. Одан әрі Жарқын Тұрмаханұлы мекеме бөлмелерін аралап, жабдықталуы мен тазалығына оң бағасын берді.


Осы мекеменің ашылуына себепкер болған құрылтайшылар – Қазалы қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Берекетовтер жанұясы. Осыдан 5 жыл бұрын Қазалыда 90 орындық «Ханшайым» жеке балабақшасын ашып, халық игілігіне қызмет етіп жүрген отбасыға аудан әкімдігі қолдау білдіріп, қазіргі таңда кент орталығында «Ханшайым-2» балабақшасы қазан айынан бастап өз жұмысын жүргізуде. Қорытынды сөз құрылтайшы Шынаркүл Қуанышқызы мен балабақша меңгерушісі Әсемкүл Бегалиеваға берілді. Құрылтайшы аудан әкімдігіне қолдау білдіргені үшін алғысын айтса, меңгеруші жұмыс барысымен таныстырып өтті.
– Тәрбиенің негізгі іргетасы – балабақша. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашағымыз. Келешегіміз кемел болуы үшін бүгіннен бастап еңбектену қажет. Бұл жерде бүлдіршіннің сапалы білім нәрімен сусындауына мүмкіндік мол. Себебі білікті педагогтар балғындарға тағылымды тәліммен қатар, орыс, ағылшын тілдерін де үйретеді. Мекемеде үш топта 66 бүлдіршін тәлім алса, 23 қызметкер жұмыспен қамтылған. Балабақшаның басты ерекшелігі – логопед-дефектолог мамандары жұмыс істеуі. Оған қоса тасымал қызметі де бар, – дейді балабақша меңгерушісі.
Сонымен қатар кішкентайлардың денсаулығы – басты назарда екенін атап өтті. Дәрігерлер бөбектерді күн сайын тексеріп отырады. Ал аспаздар тағамды бар мейірімімен дайындап, құрамына дәруменге толы өнімді қолданатынын тілге тиек етті.
– Бала – өмірдің гүлі, біздің болашағымыз. Сондықтан да тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу бағытында әрі қарай да еңбек етуге әзірміз, – дейді әдіскер Гүлмира Кенбаева.
Бала тәрбиесіне ерекше мән беретін ата-аналар бұл балабақшада білімдар әрі саналы ұрпақ өсіп шығатынына сенімді. Мұндай ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ