Әрбір күні шуақты
Бөбекжайда 28 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 11 педагог, 2-еуі 1 санатты, 3-еуі педагог-сарапшы, 1-еуі педагог-модератор, 2-еуі санатты 2 педагог. Былтырғы оқу жылы балабақшамен 40 бүлдіршін қоштасса, биыл 28 түлек мектепке қанат қағады.
Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін қолайлы жағдай жасау, қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларын қалыптастыру бағытында бөбекжайда көптеген іс-шаралар атқарылады. Ашық тәрбие сағаты, ертеңгілік, мерекелік іс-шара мен апталықтар бойынша жоғары деңгейде, ата-аналармен байланыста отырып өткізіледі. Атап айтсақ, «Таза ауа – таза су», «Менің денсаулығым – менің байлығым» денсаулық апталығы, «Келімсектер елінің қонақтары», «Ертегілер еліне саяхат», «Қызықты ұлттық ойындар», «Жайлаудағы қызықты ойындар», «Ақшақардың қызықты ойындары», «Көңілді шарлар», «Балақай, жаттығайық алақай!», «Қазақтың болашақ батырлары», «Асық ату – мергендік», «Ортаға шық балақай, ойнайық ханталапай», «Біз әлемнің бақытты ұланымыз», тағы да басқа шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ бөбекжай-бақшада ән үйірмесі, спорт үйірмесі мен әжелер орталығы жұмыс істейді. Аудандық, облыстық байқауларға тұрақты түрде қатысып отырады. «Балаларға базарлық» республикалық байқаудың аудандық кезеңінде тәрбиеші А.Рахымжанова ІІ орынды иеленді. «Ойын арқылы балалардың танымдық қабілетін дамыту» тақырыбында аудандық семинар, балабақшаның меңгерушісі болған Көшеней Рүстембековтің жары, аяулы ұстаз Жұпар Ержанованы еске алу кеші өткізілді.
Балабақшаға Зоя Абауова 2018 жылдан бері басшылық етеді. Жүзі жылы, жайдарлы мінезді жан алдымен балабақша жұмысының жоғары өрлеуіне аянбай үлес қосып отырған жұмысшы-қызметкерлердің еңбегін айрықша айтып өтті. Бірлік пен ынтымақты, тәртіп пен тазалықты сүйетін ұжымдағы әрбір жанның орны ерекше.
– Баламен жұмыс істеу – ең күрделі мәселе. Бүлдіршіннің бойындағы барлық білім мен тәрбиенің іргетасы балабақшада қаланатындықтан бұл тәрбие орнындағы әрбір қызметкер қабілетті, жауапты әрі терең білімді болуы тиіс. Балабақшада жоғары білімді тәжірибесі мол мамандар балғындарға тәлім береді. Бала жас шыбық сияқты, оны енді ғана гүлдеп келе жатқан сәтінде қалай баптап, суарсаңыз, кейін нәтижесін өзіңіз көресіз. Біз ата-аналардың үмітін ақтауда және еліміздің ертеңгі ғалымдары мен спортшыларын, ұстаздары мен дәрігерлерін, өзге де түрлі кәсіптің тұтқасын ұстар азаматтарды тәрбиелеп шығуда жігеріміз бен бойда бар білімімізді аямаймыз. Тәрбиешілеріміз де жеке тәжірибесін жетілдіріп отырады, ал педагогикалық ұжым әрқайсының кәсіби шығармашылығын қолдайды. Олар үнемі өз білімін, қабілетін дамыту және жаңаны ойлап табу жолында жұмыс істейді. Әрбір педагог өткізілетін іс-шараларға әртістік қабілеттерін шыңдап, ізденімпаздылықпен, қызықты өтуіне жауапкершілікті дайындықпен келеді, – дейді балабақша меңгерушісі Зоя Абауова.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға баулудың бүгінгі заман талабына сай маңызы зор. Бұл еліміздің өсіп, өркендеу, даму жолында да біршама септігін тигізері сөзсіз. Бүлдіршіндерге ата-ана тәрбиесінен бөлек, балабақша білім мен ғылымға бала күнінен баулиды. Сол себепті олардың арасынан білімді, саналы ұрпақтар өссе, ұлт болашағының жарқын болатынына сенеміз.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ