» » Ұлағаты ұрпаққа үлгі

Ұлағаты ұрпаққа үлгі

Адам өмірге келген соң, алдағы күнге үміт артып, әр күннен жақсылық нышанын көрсем дері сөзсіз. Сол өмірде өз дегеніне жетіп, өмірден озу әлдекімдердің ғана пешенесіне бұйырған. Бұл фәниде көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, әрбір сөзі жадында жатталып, жаныңа өшпес шырақ жағатын өзгеше адамдар бар. Солардың бірі – Пахреддин Байшораұлы.
Ол – өлшеусіз еңбек сіңірген, өрлігі һәм ерлігімен қашанда көш басынан көрінген тұғыры биік тұлға. Заманының заңғар тұлғасы болған Пахреддин Байшораұлының жыл өткен сайын шоқтығы биіктей түсуде. Еңбегін бағалар елі, қадірін білер халқы барда тұлға есімі ешқашан аласармайды.
Пахреддин Байшораұлы 1925 жылы ауданға қарасты, Қашқансу ауылдық советінде дүниеге келген. Әкесі Байшора ағаш ұстасы, ал анасы Дәрігүл үй шаруасында болған. Ол 16 жасқа толғанда мамандық алу үшін ФЗО-ға оқуға жіберіледі. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Кейін Кентаудағы шахтаға шахташы болып орналасады. Отанын қорғауға ұмтылған жас жігіт бәрінен жасырын соғысқа қашып кетеді. Бірақ жасы толмаған Пахреддинді қайтадан кері қарай Кентауға қайтарады. Соғыс аяқталған соң, соғыстан қираған қалаларды қалпына келтіру үшін жас коммунист Қырымға, Севастополь қаласына жұмысқа жіберіледі. Ол осында құрылыс тресінде басшы қызметтердің бірінде болады.
Партияның тапсырмасын орындаған ол 1953 жылы елге қайтып оралады. Орыс тілін жетік меңгерген тәжірибелі маман Жосалы механикалық зауытында экономист қызметіне қабылданады. Осы зауытта ол құрылыс учаскесінің жөндеуші тобының басшысы, бірнеше бөлімдердің бастығы қызметінде болады. Қаратау құрылыс техникумын бітіріп, құрылысшы мамандығын игереді.
1965 жылы Қармақшы ауданынан жаңа кеңшар ашу жөнінде шешім қабылданады. Жаңа кеңшардың директоры болып тағайындалған Орныққан Қазиев 1965 жылы Пахреддин Байшораұлын аға прораб ретінде қызметке қабылдау жөнінде бұйрық шығарады. Сөйтіп жаңа прораб жаңа кеңшардың қазығын қағады. Оның өзі тұрған үйі – осы ауылда ең алғашқы салынған бірінші үй. Ол негізгі қызметін абыроймен атқара жүріп, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып отырды. Көп жылдар бойы халық бақылауын басқарды.
Еліне, халқына адал қызмет етіп, әділ, іскер, жанашыр басшы бола білді. Пахреддин атамызбен бірге жұмыс жасағандар бүгінге дейін оның адамға деген қарым-қатынасын, адамгершілігін, білімділігін айтып жұртқа үлгі етіп отырады.
Жуырда Төребай би ауылдық клуб үйінде ауылдың іргесін қалаушылардың бірі – Пахреддин Байшораұлының 100 жылдығына арналған «Ұлағаты ұрпаққа үлгі» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымды шараның алғашқы сөзі ауыл әкімі Владимир Жақсылықұлына берілді. Ауыл әкімі іскер азамат, жанашыр басшының өнегелі өмір жолы мен ауыл тарихында қалдырған ізгі амалына тоқталды. Сонымен қатар биылғы жылы ауылдың 60 жылдығына орай ұйымдастыралатын шаралар жайын сөз етті. Ауылға қажетті аяқсу, табиғи газ, клуб үй мәселесінің түйіні тарқап жатқанын қуанышпен жеткізді.
Мұнан соң №199 орта мектеп оқушыларының «Әдеби музыкалық монтажы» қойылды. Содан кейін сахна төріне клуб үйінің қызметкері Ұлбосын Молдахметова әсем әннен шашу шашты. Келесі кезекте ауылдық клуб үйінің жанынан құрылған «Әжелер» ансамблінің орындауындағы әсем ән шырқалды. Тағылымды кештің жалғасы Пахреддин Байшораұлының зайыбы Кенішкүл анамыз жиылған жұртшылыққа ризашылығын білдірсе, ардақты азаматтың өзіне ұқсаған, ағайынға, туыс-бауырға, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қазір зейнетте жүрген үлкен қызы Райхан апайымыз тебіреніспен көзіне жас алып, әке аруағы алдындағы ойын, жүрек сырын ортаға салды.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Өз уақытын аямаған, өзгенің уақытын аялаған П.Байшораұлының ұрпақтары әке рухына арнап Құран бағыштап жүруі – олардың перзенттік борышы секілді. «Үлкеннен үлгі алған кіші адаспас» деген, аға ұрпақ салған ұлы соқпақ кейінгіге үлкен өмір мектебі бола бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
11 мамыр 2025 ж. 297 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 747
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031