» » Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде

Әлі есімде. 2000 жылы Ақтөбе ауылынан ауданға қоныс аударғанымызда біз тұрған көшеде батысқа қарай төрт-бес үй әрі, еңсесі биік ерекше үй бар-тын. Ол уақытта бастауышты бітіріп, 5 сыныпқа қарайлаған шағым. Жақын маңайдан дүкен ашылып, жүгіріп барып келуге жақсы болды. Анам дүкенге жұмсағанда әлгі ерекше үйдің қасынан өтемін. Оны ерекше дейтінім сол үйдің көше бет қабырғасында жазуы бар көк тақтайша ілулі тұратын. Онда «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген жазу бар. Баламыз ғой. Жазуды қайта-қайта оқып, «шынымен бұл үйде кім тұрады?» деген сауал көкірегімізде үдей түсіп, қызығушылық оянатын. Кейін көршілермен жақсы араласып, жақыннан танысқанымызда бұл үй – соғыс ардагері Жалғасбай Төрежановтың құтты шаңырағы екенін білдік.
Халыққа қадірлі азамат болған соғыс ардагерінің өмірі жайлы кейін білсек те ол кісінің көзін көріп өстік. Алыстан нар тұлға бейнесін көргеннен оның соғыста жауға қалай қасқайып қарсы тұрғанын, омырауына таққан медальдардан ерен ерлігі мен батырлығын ұғатынбыз. Ол кісі өмірден өткеннен кейін артында қалған ұрпақтарынан тек естеліктер ғана тыңдадық.
Жалғасбай Төрежанов 1925 жылы «Жаңабақыт» деп аталатын ұжшарда дүниеге келген. Ол кезде Дауылкөл ауылдық кеңесіне қарайтын өңір болса керек. 1943 жылы «Бестам» деп аталатын мектепті бітіргесін әскер қатарына шақырылып, Қиыр шығысқа аттанады. Манчжуриямен шекаралас әскери бөлімде дайындықтан өтіп, содан кейін Чита қаласындағы №293 дивизияның құрамындағы №1036 атқыштар полкінің 3-ші батальонында, 7 ротада мерген болады.
Уақыт өте 1945 жылы осы құраманың сапында Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысып, Хайлар қаласының тұсында жауға қарсы күйрете соққы беруге қатысады.
Соғыс аяқталысымен 1924-1925 жылы туған жастарды әскери-теңіз флотына қызмет етуге жібереді. Оның ішінде Жалғасбай Төрежановта болады. Ол авиатехниктік курсқа қабылданып, оны 1947 жылы бітіріп шығады. Оқуды бітірген жас сарбазды Владивосток қаласының маңындағы Оңтүстік Сергеевка селосында орналасқан 88 авиа полкке қызметке жібереді. Кейін сол жақтан 1950 жылы елге оралады.
Ауылға оралған батыр жігіт уақыт созбай ел ісіне араласады. 1951 жылы жүргізушілік курсты бітіріп, «Ақжар» МТС-інде жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Кейін аудандық кеңестің атқару комитетінде халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек етеді. Осы комбинатта механик, аяқ киім жөндеу шеберханасының меңгерушісі болып, 1986 жылы еңбек демалысына шығады.
Соғыста көрсеткен ерлігіне сай атамызға құрмет көрсетіледі. Ол «Ерлігі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен және басқа да көптеген медальдармен наградталған. Одан бөлек Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің шешіміне сәйкес Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуковтың медалімен марапатталса, 2000 жылы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» белгісі тапсырылады.
Жалғасбай атамыз 1953 жылы Шайкүл Жұбанбаевамен шаңырақ көтеріп, бір қыз, бір ұл тәрбиелейді. Олардан тараған ұрпақ өз алдына отбасы болып, әкелерінің көзі тірісінде немере сүйгіздірген. Бүгінде үлкен шаңыраққа кіші баласы Серік ие болып қалған. Олда әкесі секілді әскери саладан алыс емес. Әңгіме барысында Серік ағамыз әкесінің сондай қарапайым, жарына адал жан екенін айтып еске алды. Анасы Шайкүл апа науқастанып қалғанда Жалғасбай атамыз қасынан бір елі ұзамапты. Той-томалақ жиындарға барса да «үйде кемпірім ауырып жатыр, қасында болуым керек» деп кетіп қалады екен. «Сөйтіп анамызды уайымдап жүргенімізде әкеміз 2004 жылы дүние салды» дейді ол.
«Елу жылда ел жаңа» демекші қазір біздің көшенің тынысы да өзгерді. Әлгі бала күніміздегі еңселі үйдің орны жаңа үймен жаңарды. Бірақ өткен сайын көз жүгіртіп қызыға оқыған көк тақтайша орнында жоқ. Қазақ «Ер есімі ел есінде» деп бекер айтпаған. Иә, соғыс ардагері Жалғасбай Төрежановтың есімі ел аузында, ерлігі ел жадында.


Ерсін СӘДУҰЛЫ
23 ақпан 2021 ж. 766 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031