Әскери борыш – азаматтық парыз
Бүгінгі бейбіт күнде Отан алдындағы парызын өтеуге жастар аса асыға қоймайды. Мұны жасыра алмайтыныз рас. Біздің әке-ағаларымыз бұрын екі немесе үш жыл әскерде болған. Әңгімелеріне үңілсек, біршамасы шекара асып кеткен. Ал қазір әскери борыш мерзімі бір-ақ жыл. Сондай-ақ шет елде емес, Қазақстан аумағында қызмет етеді. Баяғыдай хат жазатын уақыт емес, қазір байланыстың дамыған уақыты.
Ал бүгінгі жастардың әскер туралы түсінігі әрқилы. Бірі – азаматтық борыш міндетті десе, енді бірі – міндетті емес дейді. Араларында «уақытың босқа кетеді» дейтіндер де бар. Халқымыздың түсінігінде жеті қазынаның бірі – ер жігіт, екіншісі – берен мылтық дейді. Ендеше, осы екеуі бірігіп, қиын кезде ел шебін күзетуі керектігі айтпаса да түсінікті. Әскерге талапты жастар азайды. Десе де, бес саусақ бірдей емес. Жуырда ғана жерлесіміз Ерсанат Болатбайұлы әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келді.
Ерсанат – Жосалы кентінің тумасы. Кент орталығында №30 мектепте 9-сыныпты тәмамдаған соң, 2021 жылы Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2023 жылы аяқтайды. Былтыр әскерге шақырту қағазы келіп, өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ақтау қаласындағы 51809 әскери бөліміне қатардағы жауынгер болып қабылданып, әскердегі жақсы мінезі мен атқарған жауынгерлікқызметтік міндетін орындауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінген Ерсанат ефрейтор атағын алып, ата-анасына да алғыс хат арқалай келген. Енді ғана елге оралған жас сарбаздан әскерден алған әсері жайлы сұрадық.
– Шыны керек, әскер маған біраз дүниені ұғындырып, кез келген затты бағалай білуді, қадірін түсінуді үйретті. Әр істі ойланып жасауды және сол істен нәтиже шығаруды санамызға сіңірдік. Біз отбасымызда 4 ағайындымыз, оның ішінде мен ең кенжесімін. Менің әкем де, ағам да Отан алдындағы борышын өтеген жандар. Осы кісілердің ақылы, берген кеңестері маған әскер барысында көп көмегін тигізді. Замандастарымды азаматтық борышты өтеуге шақырамын. Атааналарға да бұрынғыдай ұрып-соғу жоқ екенін жеткізгім келеді. Барлық жерде бейнекамера орналасқан, сонымен қатар күнделікті дене тексерулері болып тұрады. Сол себепті уайымдауға негіз жоқ. Болашақта өзім игерген мамандық бойынша жұмыс істеп, елге адал қызмет етсем деймін. Көкжиегімді кеңейтіп, жаңа білім, темірдей тәртіпті үйреткен әскердегі күндердің мен үшін берері мол болды, – дейді жас сарбаз.
Ойланып қарасақ, ғасырлар бойы біздің халқымызда «Отан қорғаушы» деген сөз адамгершілік мағынасы мен қасиетті ұғымға ие. Отан қорғаушылар әрқашан патриотизм мен өз халқына адал қызмет етудің, ар-намыс пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың көрінісі іспетті. Бүгінгі жастар – ұлы даланың сенімді қорғаны. Сол бейбітшілікке қызмет етіп, өз елін, халқын қорғауды мұрат еткен жастар қатарының артуына Ерсанат секілді аудан жастары да өз үлестерін қосса екен дейміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА