ӘСКЕРГЕ БАР, ЖАС САРБАЗ!
Фото: sputniknews.kz
Еліміз бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып, ауданымызда да бұл шара қарқынды жүруде. Әскерге шақырылған жас сарбаздар Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге дайындалуда. Бұл – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік пен абырой. Әскер – тек қана қару ұстау емес, ол ерік-жігерді шыңдайтын, патриотизм мен азаматтық борышты ұғындыратын тәрбие мектебі.
Мен әскери қызметтің қандай маңызды екенін өз өміріммен сезіндім. Жас кезімізде біз Отан алдындағы борышымызды өтеу үшін сапқа тұрдық, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында қызмет еттік. Ауғанстан жерінде біз тек әскери міндетімізді орындап қоймай, жергілікті халыққа көмек көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалыстық. Сол қиын кезеңдер бізді қайсарлыққа, бірлікке және жауынгерлік сертке адал болуға үйретті.
Қазіргі қоғамда кейбір жастар әскери борышын өтеуден жалтарып, әскерден қашуға тырысады. Оған ата-аналардың да қарсы болып, балаларын әскерге жібермеуге тырысатыны әсер етуде. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Әскер – тек әскери қызмет емес, ол адамның мінезін қалыптастыратын, тәртіп пен жауапкершілікті үйрететін маңызды мектеп. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін түсініп, оны қорғау – әр азаматтың парызы. Бізге осындай тыныш заманды сыйлаған ата-бабаларымыз ерлікпен шайқасып, қанын төкті. Енді сол бейбітшілікті сақтауға біз міндеттіміз!
Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы. Бұл – қан майданда ерлікпен шайқасқан аталарымыз бен әкелеріміздің рухына тағзым ететін маңызды жыл. Олардың қайсарлығы мен жанқиярлығы бізге бейбіт өмір сыйлады. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл жеңіс – тек тарих емес, елін, жерін қорғаудың, батырлық пен патриотизмнің мәңгілік символы. Сол ерлік дәстүрін жалғастыру – бізге аманат. Қазіргі жастар, әсіресе әскер қатарына қосылатын азаматтар, осы ұлы ерлікті ұмытпай, елін қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс.
Қасиетті Қармақшы өңірінің жас азаматтары! Сіздер – батыр бабалардың ұрпағысыздар. Жүректеріңізде ата-бабамыздың ерлік рухы, туған жерге деген сүйіспеншілік жанып тұруы тиіс. Әскер – әрбір ер азаматтың өміріндегі маңызды белестердің бірі. Отан алдындағы борышты өтеу – нағыз азаматтың белгісі. Ертеңгі Қазақстанның қорғаны сіздердің қолдарыңызда! Осы мүмкіндікті пайдаланып, өздеріңізді шыңдап, ел қорғаны болуға ұмтылыңыздар!
«Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген дана сөз ешқашан мәнін жоғалтпайды. Отанды қорғау – әрбір жігіттің қасиетті парызы. Еліміздің тыныштығы, халқымыздың бейбіт өмірі – біздің бүгінгі дайындығымызға байланысты.
Құрметті жас жігіттер! Әскер – қорқыныш емес, абырой. Ол – ерлік пен батылдықтың, жауапкершілік пен тәртіптің мектебі. Өз болашағың үшін, елің үшін бұл борышты лайықты түрде өтеу – сенің азамат ретіндегі басты міндетің. Қазақстан жас сарбаздарына сәттілік! Отан үшін қызмет ету – абырой.
Асқар ЕРМАНОВ,
Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагері