» » ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ ДАҢҚТЫ ҚАҺАРМАНЫ

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ ДАҢҚТЫ ҚАҺАРМАНЫ

2025 жылы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Тарих күнделігінің парағына өшпестей жазылып, дүниені дүр сілкіндірген соғыс қасіреті Қазақстанның әр шаңырағына өзінің қаралы таңбасын салып кетті. Сол себепті бұл – бүкіл бір ұрпақтың жанқиярлық ерлігі мен отансүйгіштік қасиетіне бас иетін, тәуелсіздіктің құнын ұғындыратын тарихи оқиға.
Екінші дүниежүзілік соғыс – Кеңес халқының фашистік Германияға қарсы күресте көрсеткен көзсіз ерлігінің, қайсарлығының, табандылығының айғағы. 1941 жылдың 22маусымында басталған бұл соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер аттанып, оның 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Сұрапыл соғыс алаңына Қармақшы ауданынан 5 мыңға жуық жауынгер аттанып, майдан шебінде ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Соның бірі – есімі ел есінде алтын әріппен жазылған Кеңес Одағының Батыры, ержүрек сарбаз Тәйімбет Көмекбаев.
Ол 1896 жылы Сыр бойында, нақтырақ айтқанда, ауданға қарасты №10 ауылда (қазіргі Тұрмағамбет) дүниеге келген. Ауылдағы қарапайым еңбек адамының отбасында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, шаруаға икемді болды. Кішкентайынан жылқы бағып, қазақ халқы ерекше қастерлеген түліктің қырағылығын, сақтығын бойына сіңірген ол қиядағыны қалт жібермейтін сезімтал еді. Дала баласының бойындағы осы бір қасиет сұм соғыста да оның ерекше көзге түсуіне септігін тигізді. Познань қаласының түбінде барлаушылар тобын басқарып, жау әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, жауынгерлер арасында мерейі үстем, абыройы асқақ болды.
Ел ішінде халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен Тәйімбет көп жылдар бойы колхозда жұмыс істеп, егінші әрі малшы ретінде танылды. 1930жылдардағы ашаршылық қазақ даласына қаһарын төккенде, Тәйімбет те тағдыр көшіне мойынсұнып, көпшілікпен бірге Өзбекстанға кетті. Алайда туған жерге деген сағыныш сезімі оны елге жетелеп, 1935 жылы Қармақшыға оралды. Осы сәттен бастап батырдың еңбек пен ерлікке толы өмірінің жаңа белесі басталды.
1941 жылы маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасағанда, Тәйімбет Көмекбаев 45 жаста еді. Ол 1942 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданады. Ел басына күн туған шақта өз тағдырын емес, халқының тағдырын жоғары қойған азамат қамшы мен кетпенді қаруға айырбастап, соғыстың бел ортасында жүрді.
Батыр І Украина майданы құрамында шайқасты. Ол 128атқыштар дивизиясының 533атқыштар полкінде барлаушылар бөлімшесін басқарды. Жау шебіне жасырын еніп, маңызды мәліметтерді жеткізу – аса қауіпті, бірақ өте жауапты тапсырма. Соған қарамастан, өз ісін мүлтіксіз орындап, айналасына үлгі бола білді. 1943 жылы жау штабына шабуыл жасап, 12 жауынгер мен 2 офицерді тірідей қолға түсіруі – барлаушы ретінде жасаған батырлық әрекетінің айқын дәлелі.
Одер өзенінен өту операциясы – соғыстың шешуші кезеңіндегі ерекше сәт. Осы операция барысында Тәйімбет Көмекбаев өз взводымен жау боранына қарамастан өзеннен өтіп, Эйхиринд елді мекеніндегі плацдармды бірнеше күн бойы жаудан қорғап тұрды. Бұл оның рухы мықты, Отанға деген шексіз адал азамат екенін айғақтайды.
Ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Тәйімбет Көмекбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 көкектегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағындағы ең жоғары әскери марапатты, тек нағыз батырларға ғана берілетін құрметті иеленген ол «Ленин» орденімен, бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталды.
Тәйімбет Көмекбаевтың батырлығы – бүкіл қазақ халқының фашизмге қарсы күрестегі қажырлы үлесінің бір көрінісі. Оның есімі сол кездегі қазақ жауынгерлерінің батыр бейнесін қалыптастырды.
Соғыс аяқталған соң Тәйімбет елге аман есен оралды. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп, бейбіт өмірге өз үлесін қосты. Жауынгер ретінде ғана емес, қарапайым еңбек адамы ретінде де елге сыйлы болды. Ол ешқашан атақ қуған жоқ, өзінің батырлығын мақтан етпеді. Өмірінің соңына дейін қарапайымдылығынан айнымай, халқына адал қызмет етті.
1987 жылы ақпан айының 13 жұлдызында дүниеден өтті. Батырдың мәңгілік мекені туған жер қойнауында.
Бүгінде Тәйімбет Көмекбаевтың есімі ел ішінде үлкен құрметпен аталады. Жаңақала ауылына оның есімі берілді. Мектептер мен көше аттары, самбодан өткізілетін халықаралық турнирлер – бәрі батырдың рухын тірілтіп, жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетеді.
Ол – бір адамның емес, бүкіл бір халықтың қаһармандық болмысының көрінісі. Қазақ елі оның есімін мақтанышпен атайды.
Тәйімбет Көмекбаевтың өмір жолы – еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің, Отан үшін жанын пида еткен ерліктің айғағы. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы – біз үшін батыр бабалар рухына тағзым ететін, бүгінгі бейбіт өмірдің қайдан келгенін тереңірек сезінетін ерекше кезең.
Батырдың ұрпағы Бағбан Тәйімбетов әке даңқын асырып, өз ісінің нағыз маманы ретінде танылды. Соның нәтижесінде жоғары қызметтер атқарып, көптеген марапатқа ие болды. Туған жеріне деген құрмет сезімін үнемі жоғары қойып, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақындық, жыраулық дәстүрдің насихатталуына, спорттың дамуына, білімге, ғылымға құмар жастардың өсіп өнуіне қолдау көрсетіп жүр.
Бүгінгі ұрпақ Тәйімбет Көмекбаев сияқты батырлардың арқасында Тәуелсіз елде өмір сүріп отыр. Сондықтан біз олардың ерлігін ұмытпай, ұрпақ жадында сақтауымыз керек.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
03 мамыр 2025 ж. 310 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (10398)

26 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 700
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031