Жас пианистер жүлдесі
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, талай баланың өнерін шыңдап, талабын ұштап жүрген ауданымыздағы бірден-бір білім ордасы – Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық балалар өнер мектебі. Дәулет Байғараев басшылық ететін өнер ошағының білікті мамандары талантты шәкірт тәрбиелеуде тартынып қалмаған. Соның бір айғағы – жас та болса бүгінге дейін жеке шығармашылығында болсын немесе шәкірт тәрбиелеуде болсын бірқатар жетістікке қол жеткізіп жүрген фортепиано сыныбының жетекшісі Азат Ысқақтың үш бірдей шәкірті республикалық додада оза шауып, қанжығаларын майлады.
Атап айтсақ, 12 сәуірде Ақтөбе қаласында облыстық білім басқармасына қарасты А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжі және облыстық «Ұлттық кәсіби біліктілігін көтеру» орталығы «Өрлеу» кәсіби жетілдіру институтының ұйымдастыруымен А.Жұбанов атындағы жас пианистер арасындағы VІІ республикалық «Жастар» музыкалық өнер байқау-фестивалі өткен болатын.
Оның басты мақсаты – өнер білім ұйымдары арасында тығыз байланыс орнату, ұстаздардың өзара тәжірибелерін арттыру, дарынды оқушылар мен студенттерді шығармашылық жағынан қолдау, өнерлерін шыңдау, сонымен қатар байқауға қатысушы жас өрендер мен олардың атааналары, жетекшілеріне жағымды көңіл-күй сыйлау.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 180-ге жуық үміткер қатысып, таңдауларына қарай композиторлардың екі шығармасынан орындаған. Колледж студенттері мен өнер мектептері шәкірттері бақ сынаған байқауда аудандық өнер мектебінің жас таланттары, фортепиано аспабы бойынша 6-сынып оқушысы Жасмина Мейірханова, 3-сынып оқушысы Айым Баймахан, 1-сынып оқушысы Раяна Бауыржан «Фортепиано соло» номинациясымен ІІІ дәрежелі лауреат атанып, ауданымыздың абыройын өсірді.
Байқау жүлдегерлерінің жетекшісі, Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің оқытушысы Азат Серікбекұлының айтуынша, өнер додасы жоғары деңгейде өткен. Оған қоса, қазылар алқасының мүшелері де осал болмаған.
– Өнер сайысында үміткерлердің орындау шеберлігі мен техникалық деңгейі, шығарманың мазмұны мен орындаушы арасындағы үндестік, сахналық мәдениет, балалардың көркемдік қабілеті мен әртістігі назарға алынды. Байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына қарамастан, біздің оқушылар да бар өнерін салып, жүлдеге ие болды. Сайыс шәкірттерімнің сенімділігін арттырса, мұғалім ретінде өзіме де үлкен тәжірибе алаңы болды десем артық емес, – дейді Азат Серікбекұлы қуанышымен бөлісіп.
Айта кетейік, жас пианистер байқауына ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор Жәния Әубәкірова, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің педагог-зерттеуші санатындағы фортепиано сыныбының оқытушысы, «Еңбек ардагері» медалінің иесі Маргарита Трехманенко, осы оқу орнының оқытушысы, республикалық конкурстардың лауреаты Диляра Фаизова және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің фортепиано сыныбының оқытушысы, магистр Әйгерім Демесіновалар қазылық еткен. Байқау барысында үміткерлер мен фестиваль қонақтары әлемге танымал өнер майталманы Жәния Яхияқызының жеке концертін тамашалауға мүмкіндік алды.
С.ДАТ