» » ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ҚҰС ФАБРИКАСЫ

ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ҚҰС ФАБРИКАСЫ

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе ауылында «Қармақшы құс» фабрикасы іске қосылып, Сыр өңірі тағы бір өндіріс орнымен толықты. Жалпы елімізде құс еті бағытында отызға жуық фабрика бар. Аймақтағы осындай алғашқы өндіріс орны өңір мен ауданның экономикалық дамуына тың серпін беруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беріп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін тапсырған болатын. Бұған дейін сырттан әкелінген құс етін пайдаланып тұтынып келсек, енді Сыр жұрты өзіміздің өнімге қол жеткізуде.
Жергілікті кәсіпкер Нұрлан Іздібаевтың жаңа саланы меңгеріп, мұндай фабриканы туып-өскен ауылына салуында да үлкен мән жатыр. Ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтыса, бір жағынан туған жерді түлетіп, оның дамуына үлес қосу. Бүгінде құс фабрикасының жұмысы жүйеленіп, бір арнаға түскен. Кез келген үлкен істе тәжірибе жинақтау үшін қиыншылық тұстар орын алатыны белгілі. Аяққа тұру үшін көп тер төгіп, еңбек етуің керек.
– Құс фабрикасын іске қосқаннан кейін әлі де көп жабдық керек екеніне көз жеткізіп, жұмысын қайта тоқтаттық. Былтыр жаз айында сол керек жабдықты шетелден алдыртып, орнаттық. Соның ішінде ауа температурасын салқындатып реттеп тұратын құрылғыны жаңарттық. Цехтың жанынан қосымша құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Атап айтсақ үлкен мың жарым тонналық мұздатқыш салдық. Қазіргі таңда жұмыстары аяқталды, бұйырса жақында іске қосылады. Одан бөлек биыл тауық тезегінен биогумус шығаратын зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Мұндай сұйытылған биогумустар көбіне Қазақстанға сырттан келеді. Сондықтан дайын қалдықтан өзіміз өнім шығаруды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Құс фабрикасы ет бағытында болғандықтан сырттан мамандар тартылған. Мұнда дені Ақтөбе ауылының тұрғындары болса, Ақжар мен Жосалы кентінен келетін бригадалар да бар. Барлығы 106 адам жұмыс істейді. Петропавл, Шымкент, Түркістан қаласынан келген технолог, ветеринар-дәрігер, ветеринар-техниктер жергілікті мамандарды жаңа іске баулуда. Бүгінде мамандарды жылы әрі жайлы орынмен қамтамасыз ету үшін баспана салынып жатыр.
Жалпы жұмыртқалар Түркия елінен әкелініп, құс фабрикасында бағып жетілдіріледі. Өндірістің талапқа сай болуын қалаған кәсіпкер жұмыртқа тасымалдайтын арнайы көлік те алдырған. Балапанның өсіп жетілуіне қарай ауа тұрақтылығы, температурасы сақталып, қорегі, дәрумені уақытылы беріліп отырады. 42 күнде өсіп жетілген тауық арнайы цехта сойылып, бөлшектеліп, тоңазытқышта сақталып, әрі қарай дайын өнім ретінде дүкен, асханаларға жөнелтілуде.
Дүкеннен сіз бен біз алып жүрген тауық етінің дені қатты мұздатылған. Негізінде тауық еті – 40-тан төмен градуста құрамы мен маңызын жояды екен. Сондықтан фабрикада жергілікті өнімнің тұтынушыға құнары мен балғындығын сақтай отырып, салқындатылған күйде жеткізіледі. Алдағы уақытта Қызылорда облысы жергілікті өніммен толық қамтылатын болады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
07 сәуір 2025 ж. 116 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

№23 (10391)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (10390)

29 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 580
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930