«ҚАРМАҚШЫ ҚҰС»: алғашқы өнімдер нарықта
qarmaqshy-tany.kz ЕЛІМІЗ БОЙЫНША ҚҰС ЕТІ БАҒЫТЫНДАҒЫ ФАБРИКАЛАР САНЫ 29-ДЫ ҚҰРАСА, «ҚАРМАҚШЫ ҚҰС» ФАБРИКАСЫ СЫР ЕЛІНДЕ АЛҒАШҚЫ БОЛЫП ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ.
Кәсіпкер Нұрлан Іздібаев фабриканы ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінен ашуының себебін «Фабриканы ашу ойыма келгенде менің алдымда бірнеше нұсқа болды. Дегенмен мен үшін ең бірінші кезекте туған топырағымды түлету мен жерлестерімді жұмыспен қамту мақсаты болды. Жұмыспен қамтуға толық мүмкіндігім бола тұра ауылдастарымның жұмыссыз жүруі маған үлкен сын болар еді. Сол себепті де өзімнің туып-өскен ауылыма тоқталдым» деп түсіндірді.
«Қармақшы құс» фабрикасының жобасына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Сыйымдылығы 60 мың құсқа арналған 6 бордақылау, инкубациялық, сою, қалдықтарды өңдеу цехтарынан және әкімшілік ғимаратынан тұратын фабрикада осы жылдың 13 қазанында инкубатордан алғашқы 57 мың балапан шығарылып, бордақылау цехына орналастырылса, одан алғашқы өнім алу 15 қарашадан басталды.
Ақтөбе ауылдық округінің тұсындағы 25 гектар жерді алып жатқан құс фабрикасы іске қосылғаннан бері күніне 2000-2500 тауық сойылып, 3 күнде 10 тоннадан астам өнім дайындалған. Алдағы уақытта фабрика толық қарқын алып, жергілікті мамандар жұмыс үдерісін толық меңгергенде күніне 13-14 тонна өнім шығаратын болады деп күтілуде.
90 адам жұмыс істейтін фабрика жұмысшыларының басым бөлігі Ақтөбе ауылының тұрғындары болса, Ақжар ауылы мен Жосалы кентінен қосымша жұмысшы бригадалармен қамтылған. Барлық цех толық жұмысқа қосылған уақытта жұмысшы саны 115-120 адамға дейін көбейеді деп жоспарлануда.
Мұнымен қоса, «Қармақшы құс» ЖШС директоры Нұрлан Тұрғанбекұлы құс шаруашылығы бойынша жемді қолжетімді бағада жеткізу үшін Ақтөбе ауылы мен Қызылорда қаласынан құрама жем зауытын салу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Зауыт іске қосылса, құс шаруашылығымен айналысатын аймақ кәсіпкерлеріне де үлкен жеңілдік болары анық.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі