ЕПТІЛЕР ОЙЫНЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЖҮЛДЕГЕРІ
Бүгінгі балалар ұлттық ойын түрлерін күнде ойнамағандықтан, халықтың алтын қоржынында сақталған ойынды біле бермейді. Десе де қазірде қазақтың қыздарға арналған ұлттық ойынының бірі «Бес тас» жаңаша сипатқа ие болып, «бес асық» болып ойнатылып жүр. Өткен жылы осы ойын түрінен шәкірт дайындап жүрген No107 мектептің дене шынықтыру мұғалімі Шерхан Сламханұлының жеңісі туралы жиі жазған едік. Жақында тағы бір оқушысы республикалық жарыстан жүлделі оралғанын жазып, сүйінші хабарын жеткізді.
Жуырда Тараз қаласында асық атудан 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл жарысқа барлық аймақтан келген 108 спортшы өзара сынға түсті. Назыгүл Сәкенқызы сол сайыста сүрінбей, үздіктер сапынан көрініп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Спортшы қызбен біз де тілдесіп, әңгімеге тартып көрдік.
– Бес асық – тек ұлттық ойын ғана емес, ойлау мен дене дамуына пайдалы. Ол логиканы дамытады, өйткені ойын барысында тактикалық шешім қабылдау қажет. Қолдың икемділігін, шапшаңдық пен ептілікті арттырады, моториканы жақсартады. Есте сақтау қабілетін күшейтіп, зейінді шоғырландыруға көмектеседі. Сондай-ақ бұл ойын достық қарым-қатынасты нығайтып, көңіл-күйді көтереді және стресті азайтады. Ең бастысы, ұлттық мәдениетті насихаттап, дәстүрді сақтауға үлес қосады. Жарыс ол жай ғана жарыс емес адамның дос табуына да оң ықпалын береді. Бұл ойынды екі жылдан бері ойнап келемін. Ағайым қабілетімді байқап, түрлі жарыстарға қатыстырып жүр, – дейді ол.
Расында бұл ойын оқушының қағылез, епті, алғыр болуына септігін тигізеді әрі жылдамдыққа баулиды. Одан бөлек қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар, көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын кезінде үндемеу арқылы сабырлылыққа үйрететіні және бар. Ал енді шәкірт шеберлігін шыңдап жүрген ұстаз сөзіне құлақ түрсек.
– Бес асық ойынына 2023 жылдан бастап қызығушылығым артып, үйірме аштым. Осылайша оқушыларды ойынға баулып келемін. Үйірмеге қыздарды 8-9 жастан бастап қабылдаймын. Бұл ойында әуелі қолдың икемділігі маңызды. Содан кейін барып жылдамдыққа, ойлау қабілетіне, зейінін тұрақтандыруға тырысамын. Ата-бабамыз бала есін білгеннен бастап, яғни ойын баласы болғаннан-ақ бес асық ойынына баули бастаған. Ойында баланың саусақтарының қимылдауы арқылы адамның басқа да он екі мүшесіне қимыл жүреді. Сонымен қатар баланы жылдамдыққа, ептілікке, дәлдеуге машықтандырады. Назыгүл былтыр Ақтау қаласында ІІІ орын алса, биыл ІІ орынды иеленді. Шәкіртім осылайша екі дүркін Қазақстан Чемпионатының жүлдегері атанып, Ұлттық құраманың құрамына кіріп, мерейімізді тасытып жатыр, – дейді ұстаз.
Шерханның шәкірттері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Дайындықты пысықтап, алда болатын жарыстарда жеңімпаз атанып, әлемдік деңгейдегі додаларда бақ сынамақ ниетте.
Ақнұр САҒЫНТАЙ