САЛТ-ДӘСТҮРДІ САҚТАҒАН СЕЙТЕНОВ КӨШЕСІ
Наурыз айы басталғаннан ұлттық кодымыз жаңғырып, түрлі салт-дәстүрімізден хабар алдық. Бүгінде жаһандану үдерісі белең алған шақта асыл құндылықтарымызды сақтап, келешек ұрпақтың бойына сіңіру және ізгілікке тәрбиелеу керек-ақ. Ұлтымыздың байлығын, салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай бүгінгі қоғамға лайықты жаңғыртып, жарасымды қолданып, өзгеге үлгі болып жүргендер жетерлік. Соның бірі – Ақтөбе ауылындағы Ыбырай Сейтенов көшесінің тұрғындары.
Кешегі өткен Наурыз мерекесінде ауылға барғанымызда осыған куә болдық. Негізі бұл көше көпшілікке «25 там» деген атаумен жақсы таныс. Мекен-жай сұраған жанға осылай түсіндіріп, жол сілтейді. Көшенің өз аты оншамұнша айтылмайды. Аты айтып тұрғандай ауылдың сол жақ кіреберісіндегі осы көшеге бұрын жиырма бес үй қоныс тігіп, араласыпқұраласқан. Міне содан бері ауызбіршілігі бір бұзылмай тату-тәтті қоңсы тұрып келеді.
Қош. Әз наурызда Сейтеновтің тұрғындарына біз де қонақ болдық. Естігеніміз, бұл көше төрт жылдан бері мерекені ұлықтап, өзара салт-дәстүрді шынайы насихаттап келеді екен. Оны сол күнгі ұйымдастырған көріністерінен байқадық. Жыл сайын көршілер бір үйді кезекпен белгілеп, сонда қазақы нақышта думан құрады.
Біз барған көрші үйдің ауласында киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылған. Ауланың бір бұрышында қазан асылып, ұлттық киім киген үлкен-кішілері мерекенің сәнін кіргізіп жүр. Көп ұзамай көшені әнге бөлеп, жиналған көршілер аулаға кіріп келді. Көшенің ақсақалы атқа мініп жол бастаса, артында әже-апалар сән-салтанат құрып келеді. Үй иелері де алдынан күтіп алып, шашуын шашып, төс қағысып қауқылдасты. Расымен сырттан көрген жанға ерекше әсер сыйлайды. Нағыз ауылдың көрінісі.
Көршілер жылдағы жөн-жоралғысына көшіп, қазақы дәстүрлерді дәріптеді. Қызкеліншектер күбі пісіп, үлкендерге ағарған ұсынса, енді бірі жүн сабап, енелер жағы тас диірмен тартты. Ал әжелер жаңа туған сәбиді бесікке бөлеп, ырымын жасады. Ерлер жағы спорттық сайысқа түсіп, күш сынасты. Балалық шақтың бал ойыны ләңгі теуіп, гір тасын көтерді. Қол күреске әйелдер де сынға түсіп, мықтылар марапатталды. Тату тұрғындардың жылы жүздеріне қарап, біздің де көңіліміз бір шаттанды.
Сейтенов көшесінің думанды тойы мұнымен бітпеді. Көше тұрғыны баласын ел азаматы болсын деген ниетте ауыл әкімі Қанат Әбдіғаппарұлына тұсауын кестірді.
– Ауылда наурызды көше бойынша тойлауды бірінші Сейтенов көшесі болып біз бастадық. Мұнда тек мерекені тойлап қана қоймаймыз, қазақы салт-дәстүрімізді жаңғыртып, балаларымызға насихаттап отырамыз. Биыл төртінші мәрте өткізудеміз. Басында бұл көшеде жиырма бес үй түтін түтетсе, қазір сыртқа көшкені бар сәл азайдық. Бірақ жаңа тұрғындар көшіп келіп, қатарымызды көбейтіп жатыр. Жыл сайын ұлттық ойындарды өзгертіп, жарыс ұйымдастырып келеміз. Мұндай ойынсауыққа сыртқа кеткен балаларымыз сағынып келіп қатысады. Жалпы үлкендердің мақсаты – бұл үрдісті келешек ұрпағымызға мұра етіп қалдыру, – дейді көшенің үлкені Дүйсенбек Шектібаев.
Биыл Сейтенов көшесінің дәстүрлі ісшарасына ауылдың басқа да көшелері үн қосып тойлаған. Бұйырса дәстүр жалғасын тапса, ауылдың берекесі артып, ауызбіршілігі бұрынғыдан да нығаятынына сеніміміз мол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ