Қармақшыда 84 жастағы ақсақал тарихи көшенің тұрғыны
qarmaqshy-tany.kz Жастайынан ақын-жыршылыққа құмар болып, Ораз ахуннан діни білім алған тұлға. Әңгімемізге арқау болып отырған жыршының атына берілген көше бар. Ол кентіміздің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Қармақшы ауданында бұл көшенің тарихы тұрғындардың айтуынша, 70-жылдардан бастау алыпты. Елу жылға жуық тарихы бар көшеде небір жақсылар мен жайсаңдар тіршілік кешкен. Сонау кеңестік кезеңде Н.Гоголь атанып, бертін келе, нақтырақ айтсақ, 1993 жылы сол кездегі аудан әкімі Ж.Бодықбаевтың шешімімен Сыр сүлейі Молдахмет Дабылұлы есімімен аталды. Көшенің басы Омар Шораяқұлы атындағы №30 мектептен бастау алып «Жосалы-Жалағаш» автожолына барып тіреледі. Қырыққа жуық отбасы, 120-ға жуық тұрғыны бар көше асфальтталып, су-газ жүйесі тартылған. Көшенің дәл ортасында «Сардарбек» жеке балабақшасы орналасқан. Яғни, көше тұрғындарына мектеп, балабақша жағынан мәселе жоқ деген сөз.
Көше тұрғындары өте ұйымшыл, басым көпшілігі орта буындағы жандар. Қазақ атам заманнан көршімен тату болуды насихаттап келеді емес пе? Ендеше, осы сөздің ұлықталып, бүгінгі күнге дейін жеткенін осындай бірлігі жарасқан көшелерден көреміз. Бұл көшенің тұрғындары қайғыда да, қуанышта да бір-бірімен етене араласып, ағайын-туыстай болып кеткен. Оған бір дәлел, көше тұрғындары биылғы Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Үш жылға жуық елді есеңгіретіп, әбігерге салған пандемиядан кейінгі бұл қауышу ерекше болғаны рас. Көше тұрғындары емін-еркін басқосуды сағыныпты. Көтеріңкі көңіл-күйлерін ауа райының да мейірімін төгіп, күн шуағына шомылтқаны қуаныштарын еселепті. Тұрғындардың да көршілері жөнінде айтары бөлек.
Наурыз мейрамын көше болып жоғары дәрежеде атап өттік. Үлкенкіші демей, кәрі-жасы мерекелік дастарқан жайысуға атсалысты. Алдымен көшенің ортасына «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын» атты тақырыпта баннер ілініп, оның жан-жағы түрлі-түсті шарлармен безендірілді. Мерекені әсем әуен әрлеп тұрды. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» демекші, іс-шараға Есқараев көшесінің тұрғындары түгел шақырылды. Қонақтар алдымен ұлттық тағам – Наурыз көжеден ауыз тиіп, ағарғаннан дәм татты. Ет асылып, палау пісіріліп қонақтарға сыбағалары тартылды. Биыл 84 жасты еңсеріп отырған көшенің үлкен ақсақалы Әбжаппар Алтынбасов атамыз дастарқанға батасын берді. Мереке әрі қарай спорттық шараларға жалғасты. Жалпы өзім осындай берекелі көшеде тұрғаныма қуаныштымын, – дейді көше тұрғыны Ермек Жылқыбаев.
Тағы бір айта кетерлігі, көше тұрғындарының дені жұмыспен қамтылған. Атап айтсақ, мұғалімдер, орман қорғау, мұнайшы, өрт сөндіру, төтенше жағдай, жүргізуші, есепші, медицина, мемлекеттік қызметкерлер, мал шаруасымен айналысатын кәсіпкерлер тұрады. Мінекей татулығы жарасқан алақандай көшенің бүгінгі тірлігі осындай. Әрине, бұл біршама жанға, бірнеше көшеге үлгі боларлық іс. Кішісі үлкенін сыйлайтын, үлкені кішіге ізет көрсете білетін көше тұрғындары мұнан кейін де тату болады деген сенім мол.