» » АРДАҚТЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ

АРДАҚТЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ

Көктем тіршілік тынысын жандандырып, табиғат сұлулығын алып келумен қоса, жан жадыратар бірқатар мерекені де сый етіп тартады. Оның ішінде барша нәзікжандының құрметіне арналған Аналар мерекесі ерекше аталады. Ана – даналық пен даралықтың, мейірім мен елдіктің үлгісі.
Осынау мереке қарсаңында Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері, жарты ғасырға жуық ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен біліміне арнаған ұлағатты ұстаз, ел анасы Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған «Ұстаз – Ана» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Оған аудан ардагерлері мен тұрғындары, жырсүйер-өлеңсүйер қауым, жастар және ұлағат иесінің ұрпақтары қатысты.
Дәстүрлі түрде алтыншы мәрте өткізіліп отырған жыр додасы аяулы ана, асыл әженің өнегелі өмір жолы театрландырылған көрініспен бейнеленсе, одан әрі деректі бейнероликке ұласты. Ақбалыш анамыз 1930 жылы ауданға қарасты Қосарық ауылы, Ворошилов кеңшарында дүниеге келген. 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған. Н.Гоголь атындағы жоғары оқу орнының «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Кейіннен Тұрмағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылдарында ұстаздық етсе, озат мұғалім атанған ол қызмет жолының соңғы он жылында кент орталығындағы Ү.Томанов атындағы No183 орта мектепте сабақ беріп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Жары, өмірлік адал серігі, білім саласының ардагері, тарихтанушы Сәден Нұртайұлымен 5 перзент өсіріп, оларға тәлімді тәрбие бере білген бақытты отбасының ұйытқы отанасы.
Мәдени іс-шараның алғы сөзін алған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы ұстаз-ананың өмір жолына тоқтала келе, барша аналарды айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ жыр бәйгесіне қатысушы ақындарға ақ жол тіледі.
– Ақбалыш Жалғасова – шәкірттерге білім берумен қатар, оларды үлкен өмірге қанаттандырып, шығармашылыққа баулыды. Үйірмелер ашып, жас өскіндердің талабы мен талантын ұштады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ардақты анамызға арналған жыр мүшәйрасы әлі талай жасты жыр әлемінің биігіне алып шығып, қазақ поэзиясына үлес қосатынына сенеміз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ел анасының өмір және еңбек жолын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада туған-туысқандарының атынан сөз сөйлеген Сағатбек Сүлейменов жүрекжарды лебізін білдіріп, ұстаз-ананың қадір-қасиетін кеңінен сөз етті.
Сайыста Сыр өңірінің 21 ақыны бағы мен бабын сынға салды. Олар 2 кезең бойынша сайысқа түсіп, бірінші кезеңінде А.Жалғасоваға жыр дестесін арнаса, екінші кезеңінде күміс көмей К.Рүстембековті өлеңдеріне арқау етті.
Үме ой мен сүбе сөзден жыр маржанын терген ақындардың бағасын беруде республикаға белгілі жыршы, фольклор зерттеушісі, этнограф, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, республикалық әдеби-мәдени басылым – «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Нұрлан Көбегенұлы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы төрелік етті.
Сайыс нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қармақшылық Бексұлтан Санақұл қанжығаласа, І орынды жалағаштық ақын Шерхан Әдіс жеңіп алды. ІІ орын жалағаштық Сәния Жақып пен қармақшылық ақын қызымыз Мөлдір Тәңірбергеноваға бұйырды. Ал сайыстың жүлделі ІІІ орнын қармақшылық Ердәулет Орынбасаров пен Қызылорда қаласынан Нұргүл Төлеубай иеленді. Жүлдегерлер мен өзге де қатысушыларға Алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Іс-шара алдында барша аналар қауымына құрмет, қошемет көрсетуде Орталық алаңдағы «Ана мен бала» ескерткішіне ардагерлер мен тұрғындар, жастар және ұлағатты ұстаздың ұрпақтары мен туған-туыстары гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
08 наурыз 2025 ж. 146 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 493
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31