» » КЕЛБЕТІ КӨРКЕМ КЕЙІПКЕР

КЕЛБЕТІ КӨРКЕМ КЕЙІПКЕР

Ақылды аналарымыз қашанда шаңырағына шаттық ұялатып, үлкенді сыйлаумен, құрметтеумен ерекшеленген. Сол даналығы ұрпағының ілтипатына бөлеп, ана дейтұғын мәртебе беретіні тағы бар. Әмәнда, адамзаттың ананы сыйлауы, құрмет тұтуы табиғи заңдылық.
Біле-білсек, бұл құндылықтың түп-төркіні ықылым заманнан бері ұрпақ сабақтастығымен өзіндік жолын тауып отырған. Көкірек көзі ашық аналар әр буыннан суырыла шығып, ішкі түйсігіне ерік бере отырып, өнегелі жолды жалғай білген. Міне, сондай абзал жандардың бірі – Рысты Жұмаева. Ол 1955 жылы 1 тамызда бұрынғы Энгельс колхозында дүниеге келген. Ауылда жоғары сыныпта білім алу мүмкіндігі болмай, 8 сыныптық білімді алып, кейіннен аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектепте жалғастырады. Арнайы мамандық бойынша білім алмаса да, колхозда хатшы-машинист болып жұмыс жасайды. 1975 жылы ауыл азаматы Әбдіразаққа тұрмысқа шығады. Содан бері 50 жыл тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келеді. Екеуі 5 бала өсіріп тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Рысты Жұмабайқызы кейіннен «Қармақшы су шаруашылығы» басқармасына жұмысқа ауысып, осы салада 20 жыл еңбек етіп, бала санына байланысты зейнетке ерте шығады. 2020 жылдан бастап Жаңажол ауылдық округінде Аналар кеңесінің төрайымы болып бекітіліп, сол уақыттан бері әйел-аналарға қатысты жақсы шаралар ұйымдастырып келеді. Мерекеге орай әйел-аналардың қоғамдағы орны жайлы сұрағанымызда:
– Қай ғасырда болсын әйелдің бақыты біреу ғана. Отбасын, ұрпағын ұстап тұру. Сол бақытты ұстай білу керек. Ол бақытты адам жасайды. Отанның тыныштығы керек, отбасыңды жақсылап ұстай білу керек. «Бір жылын ойлаған ел – бидай, он жылын ойлаған ел – жеміс ағашын, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Ал ізгілік отбасынан басталады. Отбасындағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тез еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері анық, – дейді ол.
Жанұяда балаларына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, адамгершілік асыл қасиеттерге, ешкімнің ала жібін аттамауға, еңбекті таза, адал жасауға тәрбиелеп отырған, отбасының ұйытқысына айналған Рысты апайға тәнті болдық. Кей адамның бойындағы ізгілігі алыстан менмұндалап тұрады. Жанарындағы жылылық алыстан сезіледі. Жанындағы адамын да өзіне елітіп әкетеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәл сондай жан.
Оның жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты айтары да тым бөлек.
– Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы әйел мен ердің ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. Жас ұрпақ – біздің өміріміздің тікелей жалғастырушысы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Балаға «ананы істе», «мынаны істе», «олай жасама» дегеннен гөрі, өзін үлгілі жағынан көрсете біліп, баланы еңбекке баулу арқылы жемісті тәрбиеге қол жеткізуге болады. Ата-анасынан ала алмаған жылулықты көшеден іздеген баланың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-ананың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат смартфоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелудеміз. Бүгінгі тәрбиеде кемшін кетіп жатқан тұс, міне осы, – дейді апайымыз.

Кей адамның жүзі өзі туралы біраз сырды аңғартып тұрады. Анам ылғи да «адамды сөзбен алдарсың-ау, бірақ көз жанарың барлығын айтып қояды» деп отырады. Бүгінгі кейіпкеріміз де бір ауылдың әйел-аналарының басын біріктіріп, ізгілікке, берекеге шақырып отырады. Қай ортада болсын көпшіл, артық сөзге араласпайтын, болмысы бөлек ерекше жан.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 наурыз 2025 ж. 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 493
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31