БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Қайырымдылық жасап, қолдау көрсету – қазақтың қанында бар қасиет. Асыл дініміз де мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бұйырады. Дана бабаларымыздың «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді» дегеніндей, адамның бұл дүниеде жасаған әрбір ізгі ісінің, жақсы іс-әрекетінің көпке пайдасы тигеніндей, жақсылық иесіне де екі дүниелік қайыры болмақ.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген. Кеше жыл аяғында ауданның жомарт жандары кентте баспанаға мұқтаж жалғызбасты ана Айшагүл Әбиқызына баспана сыйлап, қуанышқа бөледі. Бұған дейін ол екі бөлмелі тас үйде тұрып, өмірдің тауқыметін сезінгені рас. Бұл жағдайды көрген ауданның жақсы жандары былтыр жаңа үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап бастаған-ды. Міне, бұл істі де көпке созбай жаңа үйдің кілтін табыстады.
Баспана қиындығын бастан өткізген Айшагүл Әбиқызының қуанышында шек жоқ. Енді ел қатарлы өмір сүріп, екі ұлым қоғамға пайдалы азамат болып өссе дейді. Қуаныштан көзіне жас алған ол қайырымдылық істе қолдау көрсеткен барлық жанға аналық алғысын жеткізді.
– Жаңа үйге дейін екі бөлмелі суық үйде тұрдым. Тозығы жеткен пәтер от жаққанға жыли қоймайтын. Содан ауданның қайырымды жандары үйіме газ орнатып берді. Бірақ олар бұл жақсылықпен шектеліп қана қоймай, жаңа үй салып беретінін айтқанда қуанышымда шек болмады. Жаңа жыл қарсаңында қуанышымды еселеп, үлкен жаңа баспананың кілтін табыстап, көңілімді серпілтіп тастады. Қайырымды іске мұрындық болған Бахыт Басқынбайұлына, аудан еріктілеріне, аудан әкімдігі, кент әкімшілігіне, мешіт жамағатына, мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлерге үлкен рақмет айтамын, – деді ол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ