Баспана сыйлады
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Қасиетті жұма күні кентіміздің тағы бір тұрғыны баспаналы болды. Игі іске мұрындық болған қайырымды жандар аудандағы №27 мектепті 2014 жылы бітірген 1997 жылғы түлектер. Олар 3 бөлмелі үйді жалғызбасты Айгерім Тохановаға табыстады. Қайырымды істі ұран қылған азаматтардың бұл екінші үйді тапсыруы. Қасиетті Рамазан айында көпбалалы отбасының баспаналы болуына атсалысқан.
Қуаныш иесі бұған дейін жайлы, жылы баспанаға кіремін деп ойламапты. Үйдің іші заман талабына сай жөндеуден өткен. Электр жарығы мен су жүйесі қажетіне қарай жабдықталған. Игі істі ұйымдастырған түлектер қайырымдылық жасау әрбір қазақ азаматының бойында бар қасиет екенін алға тартты.
– Осындай қайырымды істі әркез қолдап отыратын сыныптастарыма айтар алғысым шексіз. Олар басқа жақта қызмет бабында жүрсе де көмектерін аямайды. Бұған дейін де қайырымды істен кенде қалып жүргеніміз жоқ. Кент тұрғыны жалғызбасты әпкеміздің жағдайын көзбен көргеннен кейін үй алып беруді шештік. Бұйырса осындай игі істер жалғасын табады деген ниеттеміз, – дейді қайырымды жан Ақылжан.
Баспананың құжатын аудандағы №27 мектептің директоры Ақмарал Жарасова табыстап, түлектерінің ыстық лебізін жеткізді. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов бастаған ардагер ағалар қуаныш иесін қоныс тойымен құттықтап, ақ батасын берді. Өз кезегінде баспаналы болған Айгерім Шәкетқызы осы іске мұрындық болған барша жандарға риясыз алғысын білдіріп, рақметін айтты.
Ерсін ӘЛІБАЙ