Қайырым кетпес далаға
Биыл ауданға «Харекет» қайырымдылық қорынан 2-ші отбасыға баспана кілті табысталды. Қуанышты сәтте пәтер жалдап тұратын жандардың көңілі шаттыққа толып, балалар алаңсыз асыр салып ойнап жүр.
Қайырымдылық істе ішкен асын жерге қоя сала білек сыбана кірісетін «Харекеттің» аудандағы еріктілері жыл сайын мұқтаж отбасылардың үйлі болуына қол ұшын созып жүр. Жақында ғана олар тағы бір отбасының баспаналы болуына себепші болды.
Гүлмира Мұқанқызының бастауымен кірпіші қаланған қор баспанаға зәру болғандарға тұрақ сыйлап, әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып келеді. Күні кеше ғана қармақшылық отбасы үйлі болып, шеттей бала-шаға жайлы қонысқа көшіп барды. Қор акциясы аясында жалғызбасты 5 баланың анасы Алтын Айқодықова баспаналы болды. Шеттей баламен жолдасынан айырылған көпбалалы ана осы күнге дейін мойыған емес. Жұмыс істеп, ешкімге алақан жаймаған. Тек соңғы уақыттары денсаулығы сыр беріп, жұмысқа жарамсыз болып қалады. Өзі пәтер жалдап тұрған соң қиындық та бұл отбасын айналып өтпеді. Бірақ барлығы артта қалып, алдымен Алла, одан соң қор және барша қазақ бауырлары, халық көпбалалы анаға жаңа үй сыйлады. «Харекет» қайырымдылық қорының 686 баспана кілтін Қызылорда қаласында өткен Төреғали Төреәлінің концертінде әншінің әкесі табыстады.
– Бізді Алла рақымына бөлеп, ұйымдастырған қордың бастамасымен халықтың арқасында өз үйіміздің кілті табысталды. Үйлі болуымызға атсалысқан барша қайырымды жандарға алғаусыз алғысымды айтамын, – дейді көпбалалы ана.
Ал еріктілердің айтуынша, бар жақсылық Алланың разылығы үшін жасалады. Әсілінде жастардан, еріктілерден қолдаушылар бар, жақсылыққа бірге атсалысып, сауаптан құр қалмай жүр. Қайырым кетпес далаға. Сіз де жақсылық жасауға атсалыссаңыз, сауабы өзіңізге еселеп қайтады.
Айнұр ӘЛИ