Бар жақсылық Алланың разылығы үшін
Әділет АЙБЫТОВ,
республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының аудан бойынша еріктілер тобының жетекшісі:
Біз онша-мұнша мән бермейтін Фейсбук әлеуметтік желісі бар ғой, сондағы бір ғана жазба талайының үмітін қайта жаққанын білесіз бе? Осыдан тура 3 жыл бұрын қорды құрушылардың бірі Гүлмира Мұқанқызы «Менің 3000 досым бар екен. 1000 теңгеден жинап «черный касса» ойнасақ қалай болады?» деген жазбаны көзі шалады. Дәл сол жазба оған ой салып, «Харекет» қайырымдылық қорының кірпіші қаланады. Баспанаға зәру болғандарға баспана сыйлаған қор бүгінде әр қазақтың аузында жүр. Күні кеше ғана қармақшылық отбасы үйлі болып, шеттей бала-шаға жайлы қонысқа көшіп барды. Осындай игі істің басы-қасында жүрген республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының аудан бойынша еріктілер тобының жетекшісі Әділет Айбытовпен арадағы сұқбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– «1000 теңгеге – баспана» ұраны өзгеге қуаныш сыйласа, енді біріне жұбаныш болды. Оны көрген талайы да сүйсінді. Қайырымдылыққа азық-түлік емес, бірден баспана сыйлаймыз деген батылдық таңқалдырды. Елдің түкпір-түкпірінде жаңа қоныстың кілтін алып, кеудеде жанған шырақтардың легі ауданға да келді. Бұл қалай басталып еді?
– Атыраудан ауылға жолға шықтым. Пойызда қазалылық Айдос есімді жігітпен жолымыз тоғысты. Сөйлесе келе оның осы қайырымдылық қорымен айналысатынын білдім. Жөн-жосығын сұрай келе араға 5 ай салып алғашқы баспана табыстаудың куәсі болдым. Осы уақыт аралығында қордың жалпы құрылымын меңгердім, зерттеп, зерделедім. Қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халық қой. Өзге аймақтарда баспаналы болып, алғаусыз алғысын айтқан мұқтаж жандарды көргенде, неге біздің ауданға да осы істі қолға алмасқа деген ой келді. Солай жақсылыққа құмартып, қуаныштың көз жасына куә болып келемін.
– Алғашқы үй кімдерге бұйырды? Жалпы, аудан бойынша неше адам осындай тізімге ілігіп отыр?
– Биыл екі ай ішінде 2 отбасыға баспана кілтін табыстадық. Біріншісі – 3 балалы, төртіншісін күткен Ақкенже Кәрібаева. Тұратын баспанасы жоқ, ағасының өртенген үйін паналаған. Бірде Азамат деген жігіттің нөмірін алып, қорға өзі хабарласады. Ол осында келіп, бірге отбасының жай-күйін зерттедік. Солай алғашқы баспана осы кісілерге бұйырды. Екіншісі – 8 бала тәрбиелеп отырған Жандос аға мен Сұлушаш әпкеміздің отбасы. Бір баласы мүмкіндігі шектеулі. 22 жыл бойы пәтерде тұрып келген. Бұл жанұя туралы мәліметті мешіттен алып, баспанаға мұқтаж екеніне көз жеткізген соң жаңа үйдің кілтін табыстадық. Қазір мешіттегі тізімде жоқ екі отбасын толықтай зерделеу үстіндемін. Жыл соңына дейін екеуінің бірі өз үйіне, жаңа қонысына қадам басады.
– Мұқтаж жандарға баспана сыйлаудың құрылымы қалай жүзеге асады?
– Облыс бойынша әр ауданнан баспанаға мұқтаж отбасылар іріктеледі. Бұл – ІІІ санаттан тұрады. Мәселен, 8 баладан жоғары толық отбасы, 5 баладан жоғары жалғысбасты әке немесе ана, 3 баладан жоғары толық емес отбасында мүгедек жан болса, атаанасынан айырылған тұл жетімдер І санатқа жатады. Ал қалғаны кісінің жағдайы, тұрып жатқан жеріне байланысты толыққанды сараланады. Зерттеліп болған соң оның мұқтаждығын бейнежазбаға түсіріп, барлық мәліметпен облысқа жөнелтеміз. Қордың заңды өкілі келіп, біздің жинақтаған мәлімет бойынша тұрғынмен жүздеседі. Содан соң ғана мұның барлығын Алматыға жібереді. Шешім сол жақтан. Мақұлданса, жайлы, талапқа сай үй іздеп, кілтті табыстаймыз. Одан соң баспананы заңдастыру керек.
– Жақсылық жасап, өзгелердің қуанғанын көру, сезіну ерекше құбылыс қой. Мұндай сәтке көбінің куә бола бермесі хақ. Ал сіз ыстығы мен суығына төзіп, кедергіден мұқалмай, әупірімдеп жүріп қол жеткізген баспананы алғаш сыйлағанда қандай сезімде болдыңыз?
– Оны айтып жеткізу мүмкін емес. Рас айтамын. Алдымен сол отбасының үйін көруге бардым. Шеттей бала ғой. Кішісі бар, үлкені бар. Ескі теледидардың алдында жанарын бүркеп, бізге қайырылмаған жасөспірімге көзім түсті. Біз кеткенше басын тік көтермеді, бізге тура қарамады. Ал қолымызға кілтімізді алып, әлгі отбасына келгенде кешегі ұяң қыз балаша қуанып жүр. Жан-жақтан естілген сыңғыр күлкі, қуаныштан сырғи аққан тамшы жас. Кең бөлмеде тай-құлындай тебіскен балақайлар. Қандай ғажап сезім десеңізші?! Міне, осы сәттен бастап қайырымдылық жасауға, оған атсалысуға деген құштарлығым одан сайын арта түсті.
– Сөз соңында не айтар едіңіз?
– Бар жақсылық Алланың разылығы үшін жасалады. Елге пайдамыз тисе, жастарға үлгі болсақ екен деп жүрген жайымыз бар. Жастардан, еріктілерден қолдаушылар көп болса. Жақсылыққа бірге атсалысып, сауаптан құр қалмаса екен деймін. «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсек, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Пайғамбарымыз «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» дегенін ұмытпайықшы. Бес күндік бұл фәниде қайырлы іс жасап, мұқтаж жандарға аса көңіл бөлейікші.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
Сұқбаттасқан Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ