СЫЙЛЫ ӘРІПТЕС
Материалдық құндылықтарды дәріптегеніміз, бағалағанымыз дұрыс-ақ. Дегенмен де, сол дүниелік-заттық нәрселердің қадір-қасиетін білуде алдымен рухани игіліктерді игеру адамзат баласы үшін аса маңызды. Солардың бірі де бірегейі – қазіргі тілмен айтқанда құнды құжаттар сақтайтын архивтер қоры. Сырт қарағанға бірден байқала қоймайтын мекеменің бүгінде атқарып жатқан шаруасы аз емес. Тарихтан тін тартып бүгінгі күннің де дерегін жинақтайтын мұрағат соңғы жылдары заманауи талапқа көшкен. Ол дегеніміз – қағаз күйіндегі тарихи, шежірелі құжаттардың электронды нұсқаға көшірілуі. Оған аудандағы Гүлжамал Іздібаева басқаратын архив мекемесі де сүбелі үлесін қосып отыр.
Архив бұл тарихымыздың темірқазығы, уақыт үні, ғасырлардан жеткен қазына. Даталар мен оқиғалардың куәсі. Бабадан қалған асыл мұраның сынын кетірмей сақтау, түрлі құжаттарды өңдеу және қоғам игілігіне асыру – осы архивистердің басты жұмысы. Еңбек бар да, оның бағалануы деген және бар. Олардың құрметке бөленгені қызметтерінің әрі қарай жандана түсуіне, серпінді жұмыс жасауына серпіліс береді.
Жуырда осындай жақсы бір жаңалықты естіп қуанған жайымыз бар. 22 желтоқсан – «Архившілер күнінде» білікті архив маманы, осы салада ұзақ жылдар абыройлы қызмет етіп жүрген жерлесіміз Гүлжанат Абиева марапат биігінен көрінді. Ол жақында облыс орталығында аталып өтілген айтулы мерекеде ауданымыздың мерейін үстем етіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
І санатты архивист Г.Абиева Қармақшы ауданының тумасы. Қызылордадағы «Сейхун» академиясы «Тарих және география» факультетінің түлегі. Жас маман еңбек жолын 2006 жылы Жосалы кентіндегі Ә.Егізбаев атындағы No121 орта мектепте «Тарих» пәнінің мұғалімі болудан бастаған. 2 жылдан соң «Қармақшы аудандық мұрағаты» мемлекеттік мекемесінде мұрағатшы болып жұмысқа қабылданады. Содан беріде ІІ санатта қызмет атқарса, 2024 жылдан бастап І санатты архивист болып еңбек жолын жалғастыруда. Өз ісінің шебері бізбен қуанышын былайша бөлісті.
– Мамандығымды өте жақсы көремін. Сыры мен сыны бөлек мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Біздің жұмысымыз – мекемелерден басқару және жеке құрам құжаттарын қабылдап алу. Ол құжаттарды архив қоймасына орналастырып, келіп түскен қорларды есепке алу дәптеріне тіркеу. Қор кәртішкелерін, парақтарын, қорлардың құрамы мен көлеміндегі өзгерістер туралы мәліметтерді толтырып отыру. Құжаттардың толықтығын, олардың физикалық жай-күйін тексереміз. Мұнан өзге, мекемелерге әдістемелік көмектер көрсетеміз, архив құжаттарынан көрме, экскурсия, ұйымдастырып, ақпарат құралдарына мақалалар жариялаймыз. Студент, оқушыларға лекция, сабақтар өткізіп, пікір алмасамыз. Жеке және заңды тұлғалардың сұранымдарын сапалы әрі мезгілінде орындауға баршамыз атсалысамыз. Архивте сақтауда тұрған құжаттарды цифрлық форматқа өткізудеміз. Сонымен қатар дөңгелек үстел отырыстарын, кездесулер, семинарлар ұйымдастыру да біздің қызметіміздің бір парасына жатады, – дейді марапат иесі.
Мекеме басшысы Г.Ерахметқызы да әріптесі жайлы жылы лебізін білдіреді.
– Гүлжанат өз ісіне ұқыппен, жауапкершілікпен қарайтын маман. Жұмысымыз инемен құдық қазғандай екеніне қарамастан, қайсыбір тапсырма болсын, соны жоғары деңгейде орындап шығады. Оған қай шаруаны да сеніп тапсыруға болады. Әріптесіміз ұжымда сыйлы, еңбек жолы жастарымызға үлгі-өнеге деп толық айта аламын, – дейді аудандық архив филиалының басшысы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК