Өткенді ұмытпау – өскендіктің белгісі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын бүкіл республика бойынша өткізуге бастама жасады.
Осыған орай Қызылорда облысының мемлекеттік архиві КММ аудандық архив филиалында 21 қыркүйекте аграрлы-техникалық колледж студенттеріне, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп оқушыларына, еңбек ардагерлеріне Ашық есік күні ұйымдастырылды. Аудандық аграрлы-техникалық колледж студенттеріне «Ұлы Отан соғысының ардагерлері – архив қорында» атты лекция оқылса, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп оқушыларына «Соғыс жылдарындағы балалар үйі» атты сабақ өткізілді. Іс-шара мұнан әрі архив мекемесінде мектеп оқушыларына «Ерліктері мен өмірлері өнеге» атты экспозициялық көрмемен жалғасты. Оған Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп оқушылары, мұғалімдері, архив, аудандық орталық кітапхана қызметкерлері және еңбек ардагерлері қатысты.
Іс-шараны аудандық архив филиалының басшысы Г.Іздібаева ашып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, архив құжаттарының маңыздылығына тоқталып, жас ұрпаққа сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл «Балалар жылы» деп белгіленді. Осыған байланысты елімізде тұңғыш рет «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын жүзеге асырғалы отырмыз. Бүгінгі күні балалар архив ісімен толық таныса алады. Еліміздің басынан қаншама тауқыметті жылдар өтті. Қазіргі тәуелсіз мемлекетімізді құру үшін ата-бабаларымыз өзін құрбан етті. Олардың еңбегі мен ерлігі ұмытылмауы керек. Олар жөніндегі ақпараттардың барлығы архивте сақталады және оны келешек ұрпақ білуі керек. Ашық есік күнінің ашылу салтанатында архив қызметінің бағыттары бойынша таныстыру экскурсиялары, фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелерге шолу болады. Мұндай игі іс-шаралар өткенге деген құрметті, отансүйгіштік сезімді арттырады, – деді Г.Іздібаева.
Бұл іс-шарада тарихи құжаттардың сақталуын, архивтің қызметі мен міндеттерін, архивистердің күнделікті атқаратын жұмыстарын таныстыра отырып, архив қоры құжаттарындағы деректер арқылы жас ұрпақты өлке тарихын білуге, тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды бағалауға үйретуді мақсат еткен. Музей қызметкері ашық есік күніне келген қонақтарға елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы тың ақпараттар беріп, олар туралы құнды деректермен бөлісті. Тұлғалар өмірі мен олардың қызмет жолын, жеткен жетістіктерін оқушылар үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Іс-шараны филиал басшысы қорытындылап, барлық қатысушыларға рақметін айтса, еңбек ардагерлері мектеп оқушыларына тілектерін айтып, батасын берді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА