ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ИЕСІ
Ұстаз – ол көшбасшы. Жаңа қоғам мұғалімі – рухани бай, әлеуметтік жетілген, шығармашыл тұлға. Әрдайым жеке бас дамуына ұмтылатын, болып жатқан заман талабына тез бейімделе алатын жаңа қоғамның дара тұлғасы болу керек. Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дегендей, оқушының шабытын оятып, білімге құштарлығын арттыруды көздейтін де ұстаз.
Оның үйреткен әр сабағын жастар ертеңгі өміріне азық етеді. Сондықтан өмірдегі ең абыройлы іс ұстаздың еңбегі екені әлдеқашан мойындалған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – ұстаз. Жас та болса, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті маман.
Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының оқытушысы, арнайы пән бірлестігінің жетекшісі Баян Қожанова кәсіптік білім беру саласында 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді. Баян Тойбазарқызы 1994 жылы Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Ол қаладағы Ю.Гагарин №8 атындағы мектепті бітіріп, 2012 жылы университетке грантқа оқуға түседі. 2016 жылы Алматы Технологиялық университеттен «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультетінің «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» мамандығын бакалавр дәрежесі бойынша үздік бітіріп шығады.
Бүгінде ол 3 баланың аяулы анасы. Жұбайы Есімжан Рүстемов Ішкі Істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде учаскелік полиция инспекторы.
Қазіргі таңда жас маман «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша сабақ береді. Жас ұрпақты кәсіпке баулу жолында өзінің білімін, тәжірибесін ұштастыра жұмсап, талмай ізденіп, оқушыларының құрметіне бөленіп келеді.
Біріншіден, ол білімгерлерге қазіргі заманға лайықты білім мен тәрбие беру керек деп есептейді. Екіншіден, жастардың өз ісіне, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысады. Өзінің әр сабағын жоғары деңгейде өткізуге күш салады.
Жас ұстаз үшін биылғы жыл да жемісті болды. Республика күні қарсаңында Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы А.Есжановтың алғысымен, Қызылорда облысы бойынша «AMANAT» партиясынан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Жеке қаржыны басқару» курсын оқығаны үшін сертификатпен, «Жарқын ұстаз» республикалық ғылыми-әдістемелік көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен педагогтер арасында өткен «Жылдың үздік авторы – 2024» атты шығармашылық байқауына «Автокөлікке бөлшектеу-құрастыру жұмыстарын орындау» тақырыбы бойынша қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін дипломмен марапатталды.
Иә, ақын, педагог М.Жұмабаев айтпақшы, мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артады, соларға сенеді. Жастардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Ұстаз деген ұлы мамандықтың тұтқасын ұстап, тынымсыз тіршілігіне қанығып, жас буынды тәрбиелеуге ерекше үлес қосып жүрген еңбекқор, талапшыл әрі креативті Баян Тойбазарқызының алар асулары мен бағындырар белесінің көп болуын тілейміз. Мамандығын мақтан тұтып, өз ісіне жан-тәнімен берілген жас ұстаздың бағындырар биіктері әлі алда.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы