» » Бұлбұл үнді әнші

Бұлбұл үнді әнші

Қайсыбір күнгі мәдениет саласының ісшарасында алғаш өнерін тамашалап «мынадай да әнші бар екенау бізде, қалай білмегенбіз?» деп ойланып қалғанымыз рас. «Мынадай» дегеніміз бекер сөз емес. Музыкант болмасақ та, опералық дауысты жас бала да ажыратады ғой. Жайда сыбыр-сыбыр етіп отыратын көпшіліктің оның өнеріне келгенде сілтідей тынып қалғаны – әншінің даусына деген құрметпен қоса, халық әні «Бұлбұлды» шырқау кез келгеннің жүрегі дауаламайтынын да жақсы білеміз. Ол – сан иірімді, ырғақты, аса шеберлікті қажет ететін күрделі ән. Бұл әнді естігенде аты аңызға айналған күміс көмей Бибігүл Төлегенова мен Майра Мұхаммедқызының репертуары еріксіз ойға келеді. «Қалай білмегенбіз?» деуіміздің де жөні бар. Өйткені қазіргі өнерде жүрген жастардың дені бізге етене таныс. Олардың кейбірін балабақша, ал кейбірін мектеп жасынан танимыз. Өнері сахнада, көрерменнің көз алдында өтіп келеді. Солардың көбісі мектеп бітіргесін өнер жолын таңдап, мәдениет саласының қызметкері болып істеп жүргені қаншама. Бірақ мына жас та болса сыңғырлаған бұлбұл үнді әншіні танымайтынымыз, не де болса сырт жақтан келген-ау деп топшыладық. Иә, интуициямыз алдамапты.
Өнердегі әріптестерімізден сұрай келе, бұл – Наргиз Ерлан деген сіңліміз болып шықты. Ол бүгінде Ақтөбе ауылдық клубының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарып жүр.
Н.Ерланқызы 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №9 мектепгимназиясының түлегі. 9-сыныптан соң Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінен «Академиялық ән салу» бөлімі бойынша кәсіби білім алған. Арнаулы оқумен қатар жоғары білімді маман болуды қалаған өнер иесі қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы университеттің «Дәстүрлі өнер және педагогика» бөлімінде біліктілігін жетілдіру үстінде.
Кешегі шәкірттің бүгінгі таңда өзі де шәкірт тәрбиелеп, оларды түрлі байқауға қатыстырып, өнердегі жолын ашуға септігін тигізіп жүрген жайы бар. Ауыл мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген әншімен жақында әңгімелесудің сәті түсті.
– Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе ауылына келін болып түскенмін. Жолдасым Сұңғат Мырзабеков – осы елді мекеннің тумасы. №109 орта мектепте дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді.
Еңбек жолымды бастағаныма көп бола қоймаса да шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. Арагідік болса да оқушыларымды өнер байқауларына қатыстырып жүрмін. Нәтижеміз жаман емес секілді. Жаңақорған ауданында өткен балалар шығармашылығына арналған VІІ облыстық «Ақ көгершін» әншілер байқауында ауылдық клуб үйінің өнерпаздары Бағдәулет Мырзабек бас жүлдені жеңіп алса, Нұрқуат Үсенбекұлы Алғыс хатпен марапатталды, – дейді ол.
Жалпы Наргиздің өзі мектепте оқып жүрген кезінде 4-сыныптан бастап ән сала бастаған. Дауысы – сопрано колоратур. Бір қызығы, «Жас күнімде ешкімнен дәріс те, сабақ та алмадым. Тек анамның көмегімен әнші болдым» дейді әнші.
– Расымен де, ешкімнен сабақ алғаным жоқ. Әнге анам баулыды. Байқауларға қатыстырды. Сөйтіп менің сахнада танылуыма, өнерімнің ашылуына көмегін тигізді. Ал Қазанғапта алғашқы ұстазым Жадыра Белгібаева апайым болды. Ол 2016-2017 жылдары колледжге жаңадан мұғалім болып келсе, мен де ол кісінің алғашқы шәкірті саналамын. Алда жоспарым жетерлік. Ән қоржынымды молайтып, жаңа әндер қоссам. Өзімнің де, шәкірттерімнің де шығармашылығымен кәсіби тұрғыда жұмыс істеп, әрі қарай дамытсақ, ауылымыздың атын биіктен көрсетсек деген мақсатымыз бар, – дейді бұлбұл дауысты әнші.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
19 қараша 2024 ж. 143 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031