Бибігүл Төлегенқызы - 90 жаста
Бүгін ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың дүние есігін ашқан күні. Бұлбұл әншіміздің 90 жасқа келген мерейлі мерекесі құтты болсын! Халық әндерін бүкіл әлемге танытқан дара тұлға Бибігүл апайдың деніне саулық тілейміз!
Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері.
Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары - Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі. 1971-1979 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. 1979 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е.Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж.Верди «Риголетто», «Травиата»). Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде өз замандастарының тұлғасын жасады. Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.