» » АДАЛДЫҚ – ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ

АДАЛДЫҚ – ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ

Ауданымыздағы рухани ортаның басы-қасындағы аға-әпкелеріміздің легінде білім саласының білікті маманы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дастанбек Мырзабекұлы да бар. Ұзақ жылдар педагогика саласында ұстаздық, басшылық қызмет атқара жүріп ол қағаз-қаламнан қол үзген емес. Сонау жігіттік, балаң кезінен бастап тоқсан жылдық тарихы бар аудандық басылыммен бірге жасасып, жүрекжарды туындыларын жариялап келеді. Білім мен әдеби шығармашылықты үйлестірген азамат әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Қармақшы өңірі көлемінде өтетін тәрбиелік-тағылымдық іс-шаралардың ортасында жүріп кейінгі толқынға бағыт-бағдар берсе, қай аудитория болсын оның рухты, шыншыл, отты жырларын жылы қабылдап жатады.
«Сыр елі – жыр елі» демекші, бұл ұлағатты да терең мағыналы сөздің қанымызға сіңгені қашан. Оны құрметтеп, алтын қорында сақтап жүрген Дастанбектей ағаларымыз. Іздеушісі, жанашыры бар өнер өміршең, ал өнегесі мәңгілік. Білім мен өнердің тізгінін қоса-қабат ұстаған ағамыз бүгінде алпыстың үшеуін толтырып, мұсылманша айтқанда, Пайғамбар жасына келіп отыр. Ал енді ел ағасының еңбек жолына кезек берейік.
Д.Нәзікбаев – Дүр Оңғар ауылының тумасы. Елді мекендегі қазақ орта мектебінде білім алған. Алғашқы еңбек жолы қарапайым жұмысшылықтан басталған. Екі жыл Кеңес әскері қатарында болып, азаматтық борышын өтесе, білім саласындағы ұстаздық жолы 1982 жылы No107 мектепте «Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі» болуымен ұштасады. Мұнан соң қаладағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде оқып, кезекті мұғалімдік қызметті «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» ретінде жас шәкірттерді білім нәрі, тәрбиемен сусындатумен жалғастырады.
Оның саладағы қол жеткен табыстары мен шығармашылық ізденістері биікке жетелеп отырды. Жас азаматтың білімі мен біліктілігі қызметте сатылап өсуге септігін тигізіп, басшылықтың сеніміне ие етті. Нәтижесінде ол мектеп директоры лауазымына тағайындалып, қызметі өсті. Әрі қарай төрт жыл ауданның бас ұстазы болып, білім бөліміне басшылық жасаса, кейінгі екі жылда әлеуметтік педагог қызметін атқарды. Білікті маманның бұдан соңғы еңбек жолы аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакторының орынбасары, аудан әкімінің кеңесшісі қызметтерімен жалғасты. 2019 жылы аудандық білім бөлімінің басшылығына қайта келсе, бұл жауапкершілікті 2021 жылға дейін атқарды.
Кейде қарап отырсақ, қарбалас тірліктің арасында уақыт табу қиынның қиынындай көрінетіні бар. Ол рас та. Әсіресе оның ішінде сан жұмысты қамтыған білім жүйесі тіптен де күрделі десек, сөзіміз жалған болмас. Қалам иесі жауапкершілігі зор, жүгі ауыр салада жұмыс істей жүріп, поэзия атты мөлдір де кіршіксіз әлемнің бір адал перзентіне айнала білді. Қоғамдағы оқиғалар, айналадағы әділетсіздік, болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғалар оның шығармашылығына арқау болып, жігеріне жігер, шабытына шабыт қосты. Ойлы да жүрдек қаламынан бірнеше кітапқа жүк болар жыр туындылары бірінен соң бірі дүниеге келді. Атап айтар болсақ, 2010 жылы «Жаңажол жырлары», 2011 жылы «Жүректен тамған тамшылар», 2017 жылы «Текей батыр», 2021 жылы «Ойтүрткі», «Қырғауылдың қайғысы» кітаптары оқырмандарының жоғары бағасын алса, осы жылы «Анам жайлы аңыз» атты жыр жинағы баспа жүзін көрді. Айта кетерлігі, ақын ағамыздың тағы бір сиясы кеппеген жаңа жыр жинағы жарыққа шығуға дайындалып жатқанынан да қуана хабардар болып отырған жайымыз бар.
Д.Мырзабекұлының білім саласына сіңірген еңбегі жетерлік. Ол 1993 жылы шығармашыл мұғалімдердің аудандық ІІ слетінде әдебиет пәнінен «І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы» тақырыбындағы өткен ашық сабағы өте жақсыға бағаланып, мақтау қағазымен марапатталса, 1994 жылы шығармашыл ұстаздардың облыстық ІІ слетінде әдебиет пәнінен «І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы» тақырыбында өткен ашық сабағы жоғары бағаланып, қорытындысында «жоғары санатты мұғалім» біліктілігі берілген. 1995 жылы аудандық және облыстық «Жыл мұғалімі» байқауларынан бас жүлде жеңіп алса, осы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы табысталған. Сондай-ақ 1997 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен мадақталса, келесі жылы облыстың «Жыл директоры» номинациясын қанжығасына байлайды. Өз ісінің шебері үшін 1998 жылы ерекше жыл болды десек, орынды. Осы жылы ол ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. Мұнан соңғы уақыттарда «Сорос-Қазақстан» қорының «Мектеп – ауыл өмірінің ұйытқысы» тақырыбындағы жобаның І реттік грантын (6000 доллар), 2004 жылы 2-кезеңі бойынша жобаның ІІ реттік грантын (8000 доллар) жеңіп алып, білім ұйымының материалдық жабдықталуына үлесін қосады. Ізденімпаз басшы облыстық білім беру басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің шешімімен No107 мектеп «Елдіктің берік тұғыры» номинациясымен жеңімпаз болып танылып, аудандағы барша педагогке үлгі болады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің, Ы.Алтынсарин атындағы институттың, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Құрмет грамоталарымен, сонымен қатар ҚР Президентінің, бірнеше мәрте облыстық білім беру басқармасы мен білім қызметкерлері кәсіподағының, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталса, медиа саласындағы еңбегі ескеріліп, 2003 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.
Дастанбек ағамыз отбасында адал жар, өмірлік серігі Жанат апаймен бірге үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Ақдәулет, Мәриям атты бал қылықты немерелерінің ардақты атасы.
«Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең – көгермейді» деген екен заманында халқының қамын ойлаған хан Абылай. Енді бір даналық «Ұрпағыңа ең әуелі тіліңді үйрет, қала берді білімді үйрет, шамаң жетсе осы екеуінің сырын үйрет» деп насихат айтады. Осыбір тамыры терең, аясы асыл сөздер біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дастанбек Мырзабекұлына қарата айтылғандай сезіледі. Себебі, ұлт ұяты мен рухын биікке қоятын азаматты қашан көрсеңіз де, оның өзінен де, сөзінен де ана тіліне деген шексіз махаббат пен ұлт болашағына деген жанашырлықты, адалдықты анық байқаған болар едік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
19 қазан 2024 ж. 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031