Жалынды жастың жеңісі
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында. Қай заманда болса да қоғамның қозғаушы күші – жастар. Дана халқымызда «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген нақыл сөз бар. Бүгінде талай облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, биік белестен көрініп жүрген талантты да дарынды жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Азамат Алтай.
Әнге деген қызығушылық пен құмарлық Азаматтың бойынан бала кезінен бастап көріне бастаған. 2010 жылы облыстық балалар шығармашылығына арналған «Бозторғай» байқауының бас жүлде иегері атанып, Алматы қаласында өткен байқауда ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ халықаралық «Золотой микрофон» және Ақтау қаласында өткен халықаралық «Біз күн перзентіміз» атты байқауда І орынға ие болды. 2012 жылы республикалық «Айгөлек» телевизиялық балалар байқауының ән жанры бойынша бас жүлдені қанжығасына байлайды.
Шаршы топқа шығып, шығармашы лығын шыңдап жүрген жас осылайша мектепті бітірген соң 2016 жылы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжде Музыкалық білім мамандығы бо йынша білім алады. Алғашқы еңбек жолын Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болудан бастайды. Араға бір ай уақыт салып «Жаңажол» ауылдық клуб үйіне ауысады. Бүгінде клуб үйінің жанынан ашылған «Халық әні» үйірмесіне жетекшілік етеді.
Жалпы өнер деген – қасиетті өлке. Ол өлкеге екінің бірі ат ізін сала бермейді. Ал жастайынан шабыт тайының жалын тартып мініп, өнердің киелі өлкесінде шапқылап, бойындағы дарыны ашылған соң нағыз таланттың тұлпарын таңдап, үзеңгісіне аяғын салып, ат ізін қалдыратын ұл-қыздар жүзден біреу. Осы жолда жүрген білікті маман Азамат Қорғанбекұлының бағындырған белестері де аз емес. Атап айтатын болсақ, 2020 жылы «Қармақшы дауысы – 2020» атты аудандық әншілер байқауында бас жүлдені иеленеді. 2021 жылы облыстық телевизиялық «Сыр жұлдыздары» байқауына қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды. «Үздік жас маман – 2021» облыстық байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына орай өткізілген «Аманат» атты әншілер байқауынан ІІІ орын, Қостанай қаласында өткен Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына арналған «Ахмет әндері» атты республикалық байқауда жүлделі ІІ орынды иеленді. Жақында жас әншінің қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Жалағаш ауданында Нәби Аймұратовты еске алуға арналған «Гүлімсің» атты облыстық әншілер байқауында Азамат бас жүлдені иеленді.
Аудан өнерін алға жетелеп, талай талантты жастың шығармашылығын шыңдап жүрген білікті маманның еңбегі әркез бағалы. Жаңашылдықтың үлгісін көрсетіп, ән өнерін дәріптеп жүрген жас талант иесінің жеңісі бүгінде көпке үлгі. Өнерлі жас – еңселі ел ертеңі екені айтпаса да түсінікті.
Ақнұр САҒЫНТАЙ