» » Кәсіби біліктілік – ұлт мұраты

Кәсіби біліктілік – ұлт мұраты

«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал».
Президент Жолдауынан
Қайнардың бастау бұлағы болатыны секілді не нәрсенің де шығу тарихы, жүріп өткен жолы болады. Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің тарихы да сонау 1959 жылдан басталады. Ол алғашында «Кәсіптік техникалық білім беру саласының үздігі», соғыс және еңбек ардагері Уәйіс Жансейітовтің жетекшілігімен №149 ауылшаруашылығын механизациялау училищесі болып құрылып, жылдар аралығында кәсіптік оқу орнының аты бірнеше мәрте өзгеріске түсті. Мысалы, 1969 жылы №149 Қармақшы селолық кәсіптік-техникалық училищесі болса, 1998 жылы №12 кәсіптік-техникалық мектеп болып аталды. 2008-де №12 Қармақшы кәсіптік лицей атауын алса, бұған дейін ауылшаруашылығы мамандарын дайындап келген білім ошағына «ЭЕМ операторы», «Тігінші», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Автомеханик» мамандығы қосылып, жұмыс профилі кеңейе түседі. 2012 жылдан бастап бүгінге дейін Қармақшы аграрлытехникалық колледж ретінде жас мамандар даярлап келеді.
Нарықтағы бәсекелестіктің күннен-күнге артып келе жатқанын ескерсек, техникалық және кәсіптік білім беру саласында көптеген мамандық пен кәсіпке мамандар дайындау – кезек күттірмейтін мәселе болмақ. Оның ішінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша сапалы маман дайындау, түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалау колледж ұжымының ұдайы басты назарындағы шаруа. Сонымен қатар студенттердің тәрбие мен білім алуында мекеменің техникалық базасының да алар орны айрықша. Соның бір дәлелі – 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен білім ошағының 3 оқу ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілсе, мұны болашақ маман иелеріне жасалған мемлекетіміздің қолдауы мен қамқорлығы деп түсінгеніміз абзал.
Білім алушылардың белгілі бір мамандық алып шыққан соң олардың әрі қарай жұмыспен қамтылуы және еңбек тәжірибесі аса маңызды саналады. Бір білеріміз, жұмыс берушілермен тығыз байланыста болғанда ғана білікті кәсіби мамандарды даярлап шығаруға болады. Осы бағытта колледж аудандағы мекеме, ұйымдармен әлеуметтік серіктестік туралы келісімшарт жасасып, ынтымақтастықты нығайтуда бірлескен жүйелі жұмыстар атқаруда. Әлеуметтік серіктестер білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасаса, сонымен бірге оның қорытындысымен білім алушылардың кәсіби деңгейін көтеруге, жұмысқа деген қабілетін, қызығушылығын арттыруға, кәсіби машықтанудан өткен түлектерді өздеріне жұмысқа шақыруға да септігін тигізуде. Оқу орнының материалдық базасын жабдықтауда «Жас маман» жобасында бақ сынап, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша заманауи зертханалық құрал-жабдықтарын алғаны, әрине, ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі деп білеміз. Соңғы бірнеше жылда техник-технолог және ветеринарлық фельдшер біліктіліктеріне жаңа мамандықтар ашылған. Одан бөлек, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші соңғы үш жылда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында 82 бітірушінің 52-сі жұмысқа орналасса, 2021-2022 оқу жылында 61 бітірушінің 42-сі жұмыспен қамтылған. Өткен оқу жылында 111 бітірушінің 75-сі жұмысқа қабылданып, еңбек жолын бастаған екен.
Бүгінде колледжге білікті басшы Бауыржан Сайдуллаұлы директорлық етеді.
– Алдағы кезеңде де мекемеміз оқу материалдық базасын жаңғырту, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, жаңа мамандықтар ашу, оқытушылар мен шеберлердің білімін жетілдіру, оқу өндірістік, шаруашылық базасын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқара береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды дамытудағы әлеуметтікэкономикалық дамуымен қатар, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атауының өзі еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласына үлкен серпін беретініне сенімдіміз.
Колледжде бірқатар жаңалықтарымыз бар. 2019-2020 оқу жылынан бастап электронды білім беру форматына көшірілдік. Ол BilimLand компаниясының SMARTNATION порталында жүргізілуде. Онда журналдар, емтихандар, үлгерім табелі, барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, білім алушылардың жеке дербес деректері, құжатайналым және электронды кітапхана бөлімі қызметтері қарастырылған. Елімізде колледждерге академиялық дербестік берілгені белгілі. Бұл білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қосымша біліктілік алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге жасалып отырған мүмкіндік. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады. 2021 жылдан бері ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын нығайту, білім сапасын арттыру және республикадағы білім берудің барлық деңгейлері мен сатыларының сабақтастығын қамтамасыз етуде кредиттікмодульдік оқыту технологиясы бойынша білім берілуде. Біздің оқу орны да толықтай кредиттікмодульдік оқыту технологиясына көшкен. 2024- 2025 оқу жылынан бастап барлық мамандық бойынша жалпы білім беру пәндері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жалпы білім беретін пәндер циклінің немесе модулінің үлгілік оқу бағдарламалары негізінде оқытылуда. Ал базалық және кәсіптік модульдер мамандықтар бойынша кәсіптік стандарттар және Worldskills стандарттары негізінде өзектендіріліп, ТжКОББ білім беру бағдарламасының тізіліміне енгізілді. Білім беру ұйымында қазір 5 мамандық, 5 біліктілік бойынша 10 оқу тобында 130 студент білім алуда. Олар – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Электр жабдықтары» және «Ветеринария» мамандықтары, – дейді колледж басшысы бізбен әңгімесінде.
Кәсіптік білім беру ұйымында 5 әдістемелік бірлестік жұмыс істеуде. Өткен оқу жылында 9 инженер-педагог біліктілік арттыру курсынан білімдерін жетілдірсе, болашақ жас мамандардың белсенділігін арттыруда облыстық оқу орталығы мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі ұйымдастырған С.Торайғыровтың 130 жылдығына арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен «Алаш деп ұрандаған ұлы ақын» атты облыстық мүшәйрасында колледж студенті Г.Қойтбай (жетекшісі қазақ тілі пәні оқытушысы Н.Абдиева) «Үздік танылып», дипломмен марапатталса, жаратылыстану пәндерінен облыстық олимпиадаға қатысқан Ғазиза Рахымжанқызы (жетекшісі химия пәні оқытушысы А.Қалмұрзаева) жүлделі ІІІ орын иеленді. «ХХІ ғасыр ұстазы» тақырыбындағы семинар-тренингте пайдалы ақпараттар бөлісілді. «Мамандықтар бойынша білім бағдарламаларын дайындау» тақырыбында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайхан Аралбаева, «Платформаларда және мамандандырылған бағдарламаларда презентациялар, дидактикалықжоспарлы материалдар әзірлеу» тақырыбында информатика пәні оқытушысы Данагүл Қошманова, «Оқыту үшін бағалау арқылы оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру» тақырыбында колледж әдіскері Раушан Елдесбаевалар хабарлама жасап, құнды пікірлерін ортаға салды.
Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының педагогтері арасында өткізілген «Үздік жалпы пән оқытушысы – 2023» облыстық байқауына қатысқан химия пәні оқытушысы А.Қалмұрзаева ІІІ орын иеленсе, облыстық оқу орталығы «ORDA» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасындағы «ELECTRICAL SKILLS» атты облыстық байқауында Дәуренжан Иман (жетекшісі А.Қартаңбаева) ІІІ орыннан көрініп, дипломға ие болды. Биылғы оқу жылында өндірістік оқыту шеберлері Жадыра Оспанова мен Аманкүл Қартаңбаеваның «Электр жабдықтары және автокөлікті электрмен қамту жүйесінің технологиясы», физика пәні оқытушылары Қайрат Ибрагимов, Нұргүл Бағыланбаеваның «Оқушыларға физика пәнін меңгертудің тиімді жолдары» атты оқу-әдістемелік құралдары жарық көріп отыр.
Оқу орнының тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын басшылыққа алып, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» ұғымы бойынша жұмыс жүргізеді. Осы қағидаттардың негізінде «Менің Отаным – Қазақстан!», «Тіл – ұлттық құндылық», «Қарты бар ел – қазыналы ел», «Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік», «Рухы биік, арманы асқақ – Қазақ елі», «Студенттік өмір – игі өмірдің бастауы», «Тәуелсіздік тірегі», «Адам – табиғат пен Жер-ана перзенті», «Мамандық құдіреті – кәсіби шыңдалу», «Ер есімі – ел тарихында» атты көптеген іс-шара ұйымдастырылса, жыл соңы «Ақ жол, жас маман!» бітіруші түлектерге диплом беруге арналған салтанатпен қорытындыланады.
– Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында «... Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз...» деп баса айтқан болатын. Иә, біз бұл бастамаларға қуаныштымыз. Осы орайда ұжымымыз жолдауды қолдай отырып, кәсіптік білім беру саласының өсіп-өркендеу жолында бар күш-жігеріміз бен білім-білігімізді аянбай салатын боламыз, – дейді Бауыржан Сайдулла Мемлекет басшысының Жолдауына қолдау білдіріп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
01 қазан 2024 ж. 149 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031