» » Кәсіптік білім – келешек кепілі

Кәсіптік білім – келешек кепілі

Заман дамып, қоғам өзгерген сайын уақыт көшіне ілескен жаңа мамандықтарға қажеттілік туындауда. Қай кезде де жаңаны үйренуге бейімбіз ғой. Жас буын ақпараттық технология саласындағы бейтаныс мамандықты қиындықсыз меңгеріп, табысты еңбек атқаруда. Алайда, сонымен қатар елдің еңбек нарығында білікті құрылысшы, злектрик, автомеханик, токарь, автокрановщик секілді кәсіптік маман иелерінің де тапшылығы сезілуде. Экономикалық өндіріс нығайған сайын жұмысшы мамандықтарына қажеттілік айқындалып, кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс артып келеді. Ал мұндай мамандықты игеруге елде барлық жағдай жасалған. Әрбір өңірде кәсіптік білім беретін іргелі оқу ордалары бар. Солардың бірі – аудандағы аграрлы-техникалық колледж.


Аталған білім ошағы жеке тұлғаны әлеуметтік-экономикалық бағытта дамыту үшін, еңбек нарығының сұранысына сәйкес тұлғаның жеке қажеттілігін ескере отырып, үздіксіз білім беру жағдайында техникалық және кәсіптік мамандарды дайындау бағытында зор үлес қосуда. Теория мен тәжірибені ұштастырып, білікті маман даярлауды мақсат еткен колледждің тарихы тым тереңде. Алғашында колледж 1959 жылдың 30 желтоқсанында аудан орталығында №149 «Ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі» (УМСХ) болып құрылған. Ол уақытта білім ордасына тәжірибелі педагог Уәйіс Жансейітов басшылық етіпті. Ашылған жылдың өзінде-ақ «Кең көлемді тракторист-машинист» мамандығы бойынша 150 оқушы қабылданған. Онда тек өз өңірімізден ғана емес, Қазақстаннан тыс Чуваш елінен «Тың және тыңайған жерлерді игеру» мақсатында келген оқушылар да білім алған. Осылайша, жаңа оқу мекемесі қарқынды жұмыс істей бастаған. 1969 жылы атауы №149 Қармақшы селолық кәсіптік-техникалық училище болып өзгертіледі. Онда 18 топ жасақталып, «Кең көлемді тракторист-машинист» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығына қажетті жас кадрлар даярланған. Ал 1998 жылы аталмыш білім ордасы №12 кәсіптік-техникалық мектеп, 2007 жылдың ақпанында №12 Қармақшы кәсіптік лицей, ал 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі болып аталып келеді.


Алпыс жылды артқа тастаған колледжде бүгінде 52 инженер-педагог жұмыс істейді. Биыл колледж күрделі жөндеуден өтті. Мұнда талапқа сай 15929 дана кітап қоры бар кітапхана, типтік үлгіде салынған спорт залы және спорттық тренажерлер бар. Сабақтан тыс спорт секциялары, түрлі үйірме мен клуб жоспарлы жұмыс істейді.


Білім ордасында студенттер 9 мамандық бойынша білімін жетілдіреді. Мұнда оқытылатын мамандықтардың дені кәсіптік болғандықтан, материалдық-техникалық базаның мықты болғаны абзал. Әрбір мамандық иесіне арналған материалдық-техникалық база жоғары дәрежеде жабдықталған. Нақтырақ тоқталсақ. «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша жеңіл және жүк автокөліктері құрылысы шеберханалары, жолда жүру ережелері пәнінің кабинеті, компьютерлі автотренажер,автокөлік доңғалақтарына техникалық қызмет көрсету шеберханасы, ГАЗ-53 автомобиліне арналған автодроммен жабдықталса, «Электр стансалары мен желілерінің электр жабдықтары», «Ферма шаруашылығы», «Электромонтер» біліктіліктері бойынша 2 шеберхана мен теориялық пән кабинеттері электр жабдықтарға қызмет көрсетуші электромонтерлерге арналған заманауи оқу стенділері бар жұмыс орындарымен қамтылған. Ал «Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Ферма шаруашылығы», «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинист» біліктілігіне арналған тракторлар құрылысы кабинеті мен тракторлар шеберханасы, МТЗ-82 тракторын жүргізуге қолайлы алаңы бар. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша кең жолақты интернет желісіне қосылған 25 компьютер, интерактивті сандық подиум орнатылған 1 мультимедиялық пән кабинеті, информатика теориялық пән кабинеттері студенттердің білім алуына жәрдем беруде. Сондай-ақ «Дәнекерлеу ісі» маманына арналған 30 дәнекерлеуші аппарат, «Горыныч» плазматроны, дизельді дәнекерлеу агрегаты, дәнекерлеушінің оқу-жаттығу тренажері, газбен пісіру, кесу құрал-жабдықтары бар теориялық пән кабинеттері мен дәнекерлеуші шеберханалары білім алушылардың кәсіби біліктіліктерін шыңдайды. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша 25 тігін машинасымен жабдықталған тігін шеберханасы, теориялық пән кабинеттерімен жабдықталған. Ал «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы арналған теориялық пән кабинеті, 100 орындық асхана, аспазшының жұмыс орындары студенттердің игілігіне қызмет етуде.


Осындай құрал-жабдықпен толық қамтылған, кәсіби негізде білім меңгеруге барлық жағдайы бар білім ордасында бүгінде 243 студент тәлім алуда. Колледждің күрделі жөндеуден өткен жеке жатақханасы да бар. Ол елдегі жағдайға орай пандемия уақытында провизорлық орталыққа айналды. Жағдай орныққан соң бұл жер де шәкірттердің құтты мекеніне айналары хақ.


Өзге білім ордаларынан ерекшелігі – болашақ маманды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыстыруы. Өйткені, оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындардағы байланыссыз білікті маман дайындау мүмкін емес. Болашақ маманның кәсіпке бейімділігі өндірістік оқыту барысында байқалады. Сонымен қатар, студенттер өздерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама да алады. Осы орайда колледждің өзара келісімге келген әлеуметтік серіктестік мекемелері бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Әсіл» шаруа қожалығы, «Әлішер» ЖК, Ақтөбе, Тұрмағамбет, Жаңажол шаруашылықтарымен, энергетика саласы бойынша «Қармақшы аудандық электр тарату торабы» мекемесімен дуалдық оқыту технологиясы бойынша меморандумға отырып, екі жақты келісім шарт жасалған. Өндіру, монтаждау, пайдалану саласы бойынша, «Жәмила» өндірістік кооперативі, «Қармақшы ТехСервис» мемлекеттік кәсіпорыны, «АльБер» техникалық қызмет көрсету орталығы, қызмет көрсету саласы бойынша «Мәлике ана», «Қармақшы» мейрамханасымен бірлесіп жұмыстар атқарылуда.


– Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Елімізді өркениетті елдерге танытатын, дамыған елдермен терезесін тең ететін күш – білім мен білімді ұрпақ. Бүгінде білім берудің жаңа жүйесі жасалынып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алды. Түбегейлі өзгеріске бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз. Сол үшін де шәкірттердің бойына ізгілік, кішіпейілділік, батырлық, отансүйгіштік қасиеттер қалыптастыруға еңбек етудеміз. Ұстаздар ұрпақ тәрбиелеуде қашанда ізденіс үстінде. Қазір оқушылар «Smartnation» платформасы арқылы білімді қашықтан меңгеруде. Алға қойылған жоспар көп. Мамандықтар тізімін кеңейтіп, қазіргі уақытта сұранысқа ие ветеринария және зоотехния мамандарын даярлауға ұсыныс өткізіп те қойдық. Оларға арнайы зертхана да қажет. Мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде, – дейді колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Жеңісбек Сейталиев.


Ұзақ жылдық тарихы бар колледжде білікті ұстаздар қызмет жасайды. Олар болашақ мамандарды жақсы оқуға, өзіндік білім алуға құштарлығын оятып, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағыттайды. Тәлім алушылары республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, үлкен жетістікке жетіп жүрген ұстаздар қатарына Бибігүл Сәдуова, Гүлнұр Алиева, Ұлтуған Жанақаева, Данабек Игісінов, Ұлдана Нұртазаеваларды айтуға болады. Атап айтсақ, тігінші біліктілігі бойынша өндірістік оқыту шебері Бибігүл Сәдуованың шәкірті «WorldSkills Kazakstan-2020» ұлттық чемпионатының облыстық деңгейінен І орын иеленген. Бұл байқауға жыл сайын қатысатын шебердің шәкірттері әрдайым жеңіспен оралады. Осындай жетістіктер легі көп-ақ. Әрбір жеңістің артында ұстаздың тынымсыз еңбегі, мамандығына деген сүйіспеншілігі тұрғаны анық.

Иә, кез келген өркениетті ел өз болашағына деген сенімді нығайтамын десе, ең алдымен, жас ұрпақтың ішкі жан-дүниесін, қоғамдық көзқарасын, бүкіл азаматтық болмысын қалыптастыруы керек. Осы орайда, аграрлы-техникалық колледж ұжымы болашақтың іргесі берік қалануына өзіндік үлес қосып, қоғамға қажетті кәсіптік білімді игертіп отырған бірден-бір білім ордасы.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек Жаулыбайұлы (сурет)


24 қазан 2020 ж. 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031