Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда алдағы жылдары өнеркәсіп, құрылыс, көлік және осыған ұқсас басқа да салалардағы кәсіби мамандар мен жұмысшыларға деген сұраныс жоғары болады. Бұл туралы мәжілісмен Ержан Құдайбергеннің депутаттық сауалына жауап берген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың жауабында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерболат Досаев келтірген мәліметке сәйкес, осы жылы техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) беру оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектердің саны 73 мың адамды құраған. Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдап, болжайды. Осыдан кейін аталмыш ведомство еңбек нарығының жай-күйі туралы Үкіметке хабардар етеді.
«2017 жылы еңбек нарығының қажеттілігін айқындау үшін 10 мыңға жуық кәсіпорындар мен ұйымдарға сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың нәтижесі бойынша кәсіпорындар мен ұйымдар 2018 жылдың аяғына дейін 226,1 мың адамды жалдауы мүмкін. Оның ішінде 54,7 мыңы - кәсіби мамандар, 38,9 мыңы - жұмысшы өнеркәсібі мен біртектес кәсіптердің жұмысшылары, 32,9 мыңы басшылар тобына жатады. Осылайша, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас салалардағы кәсіби мамандар мен жұмысшыларға деген сұраныс жоғары болады деп күтілуде», - делінген Ерболат Досаевтың жауабында.
Айта кетсек, бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, алдағы жылдары ТжКБ бойынша қандай мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін анықтауды сұраған болатын. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік білім тапсырысы бойынша дайындалып жүрген мамандықтарға бүгінгі таңда сұранысты анықтап алу керек. Болмаған жағдайда бұл мәселені ескермеу жұмыссыздыққа, мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға әкеледі.