АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ – АЗАМАТТЫҚ ІС
Еліміздегі тағылымға толы мерекенің бірі – Халықаралық Қарттар күні. Жылдағы дәстүрмен айтулы мереке биыл да жер-жерде аталып өтілуде. Одан біздің ауданымыз да қалыс емес. Сәрсенбіде мерейлі күнге орай аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы ардагерлерге арнап «Ғибрат» ас үйінде дастарқан жайып, құрметқошемет көрсетті.
Аудан басшысы Ж.Еркінбек Қармақшы өңірінің өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысқан аға буын өкілдеріне жылы лебізін айтып, құттықтауын жеткізді.
– «Қарты бар ел – қазынасы бар ел» дегендей, сіздерге өзімнің және ұжымның атынан зор алғысымды білдіремін. Сіздердің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен нығаюына қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Еліміз егемендік алған кезде де жоқтан бар жасап, елдің ауызбірлікте бой тіктеуіне ықпалдарыңызды тигіздіңіздер. Шаршамай-талмай жұмыс істедіңіздер.
Құрметті ағалар, апалар! Мемлекет тарапынан қарттарымызға бірқатар қамқорлық жасалуда. Ардагерлерімізді Түркістан қаласына саяхат жасауға, Қорқыт, Марал бабаларымыздың басына зиярат етуге және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай игі істер алдағы уақытта да ұйымдастырыла беретін болады. Аудан шеңберінде қандай да бір игілікті істер жасалып жатса, ол міндетті түрде елдің ақсақалдарымен ақылдасып отырып жасалады. Сіздердің өткен еңбек және өмір жолдарыңыз, маңдай тер еңбектеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз бүгінгі жас ұрпақ үшін әркез үлгі-өнеге болып қалмақ. Осынау мерекеде отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберелеріңіздің жетістіктерін көріп, аман-есендікте қуанып жүре беріңіздер, – деді ол.
Одан соң іс-шара аудан әкімінің марапаттау рәсіміне ұласты. Тоқсан жасқа толған Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Жалғасбаев ақсақал мен мерейлі жетпіс жасты толтырып отырған мәдениет саласының ардагері Үрзахия Махамбетованы «Облыстың Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар Жарылқасын Өксікбаев ақсақал мен Несібелі Жұматаева анамызға сый-сияпат жасалса, еңбек ардагерлері Бегалы Пірдашев, Бітімбек Пазлиев, Ахметкүл Аралбаева, Үміткәрім Досымов, Көптілеу Қазақбаева, Барша Матаева, Үрзада Бекмұрзаева, Шегебай Құндақбаев, Дәмелі Жалғасбаева, Темірболат Кішкенбаев, Сақтапберген Медеуов, Рая Жөнейтова аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, еңбек ардагерлері Жақсылық Жалғасбаев, Ешмағамбет Дүйсебаев, Әмидулла Байменов, Орынбасар Сариев, Жақсылық Қыпшақбаевкөпшілік қауымды Қарттар күнімен құттықтады.
Сондай-ақ басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков үкіметтік емес ұйымның аудан көлемінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
– Ауданда 5200 зейнеткер болса, оның 3700- і ардагерлер ұйымында тіркелген. Біз облыстық ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Олар ұйытқы болып өткізген мәдени, спорттық жарыстар мен басқа да шараларға аудан ардагерлері ұдайы қатысып, жылда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Біздің ардагерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» және аймақта өтіп жатқан «Таза аймақ» акцияларының бел ортасынан табылуда. Мемлекетіміздің қай ісшарасы болсын сонымен бірге біте қайнасудамыз. Ұрпақ тәрбиесі мен біліміне де біздің ардагерлер көп көңіл бөледі. Бұл ретте білім бөлімімен меморандумға отырғанбыз. Келеңсіз оқиғалардың алдын алуда аға буын өкілі тынбай жұмыс істеуде. Десе де, мұның барлығы да өмірлік тәжірибесін, өнегесін кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында істеліп жатқан игі істер. Биыл ауданда көптеген шаруа атқарылуда. Ол жұмыстардың бәріне ардагерлер араласып жатыр. Сондықтан да аудандағы игілікті істердің түп қазығы елдің бірлігінде деп ойлаймын. Осы ауызбірлік әрқашан сақталып келеді. Оны сақтайтын бірден-бір тұлға – ардагер. Алла әрбірімізге мұрсат беріп, қадірлі қарттыққа жеткізсін. Бұрынғы ата-бабамыздың салып кеткен бірлік деген сара жолы бар. Сол жолмен жүріп отырсақ, өміріміздің бекерге өтпегені. Бұрынғылар «Бетеге кетсе бел қалады, бектері кетсе ел қалады, берекең кетсе не қалады?» деп айтып кеткен ғой. Елдің береке-бірлігін сақтап, Алланың берген өмірін сүріп жылдан-жылға осындай мерекеде бас қосып, бауырымыз бүтін болып жетейік. Қарттардың құрметіне аудан басшысы дастарқан жайып жатыр екен. Барша ардагердің атынан алғысымызды айтамыз, – деді ол ризашылықпен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ