» » МАЛ ДӘРІГЕРІ – МАҢЫЗДЫ МАМАНДЫҚ

МАЛ ДӘРІГЕРІ – МАҢЫЗДЫ МАМАНДЫҚ

Алдашбай ахун ауылындағы ветеринар мамандардың телефондарына тыныштық жоқ. Бірі сиырының іші кеуіп шақырса, енді бірі малының шөп жемей ауырып тұрғанын айтып мазалайды. Кейде аптаның сенбі-жексенбі күніне де қарамайды. Екпенің уақыты келгенде де тізеден қи кешіп, қорадан шықпайтын да осы мал дәрігерлері.
Адам емдейтін дәрігер бізге қандай қажет болса, мал дәрігері де тап солай ауылға қажет. Өйткені ауыл халқы үшін төрт түлік адамның күш-қуаты болып саналады. Тіпті ауылдық жердегі малды былай қойғанда қалада ит-мысық ұстайтындар ветеринарға жүгінеді. Мал дәрігері болуды кейбіреулер менсінбей жатса, біз айтқалы отырған жандар мүлдем олай емес. Ауылдық округтің ветеринар дәрігері Қанат Шайхиев пен ветеринар-фельдшер Нұрберген Қартабек өз мамандықтарын мақтан тұтатын нағыз сала мамандары. Мақаламызда осы жандардың жұмысын көпшілікке таныстыруды жөн көрдік.
Ауылдың әрбір көшесін аралап, тұрғындардың қорасындағы малдың жағдайын біліп отыратын бұл мал дәрігерлерінің жұмысы күндегісін қауырт болып отырады. Аяқасты алдындағы жем-шөптен бас тартқан малына уайымдағандар дереу қоңырау шалып шақырып алады. Мұндай кезде ветери- нар мамандарда шақырғанға атүсті қарамай жетіп барады.
– Күнделікті жұмысымыз сегіз сағат. Кейде демалысқа да қарамаймыз. Қорасында малы ауырып қалғандар болса жағдайын біліп, ем-домын жасаймыз. Кейде бір күнде 5-6 шақыртуға дейін болады. Ол енді маусымдық аурулардың қозатын кезінде көбейеді. Мәселен, көктем, жаз айларында маса, сона, кенелер көбейгенде мал жиі ауырады. Сондай кезде малдан қан алып, дәрісін саламыз. Қоралар кенеге қарсы уланады. Қазір ауылда ахуал тұрақты. Күн салқындағанда аурудың түрлері де азаяды, – дейді ветеринар мамандар.
Қанат Ұлықпанұлының бұл салада қызмет етіп жүргеніне он екі жыл болса, Нұрберген Қартабекұлына бір жарым жылдан асқан. Екеуі де нағыз өз ісінің маманы десек, артық айтқанымыз емес. Жұмысына адал жандар. Ауылдағы 400 бас жылқы, 2800 уақ мал, 1040 бас мүйізді ірі қара осы мал дәрігерлерінің тіркеуінде тұр. Олар уақытылы Сібір жарасы, аусыл, тағы басқа ауруға қарсы екпеленген.
– Адам ауырғанда дертіне қарай қанша күн ем алса, ауылда ауырған малға дәл солай ем жасаймыз. Уақытылы күнде дәрісін салып, аяққа тұрғанша бақылауда ұстаймыз. Ауырған мал бірден ішіп-жемнен бас тартады немесе іш тастайды. Әсіресе төлдер. Кеудесінде жаны болғаннан кейін олар да ауырғанда қиналады. Сондай жағдайда малдың егесіне керек дәрісін алдырып, салып береміз. Одан бөлек, ит-мысыққа да шақырту болып тұрады, – дейді ветеринар-фельдшер Нұрберген Қартабек.
Қазіргі кезде мал дәрігеріне сұраныс жоғары. Алайда бұл мамандықты таңдайтын жастардың қатары азаюда. Көбісі қалаға кетіп, жоғары қызметте отырғанды жөн санайды. Дегенмен ауылдың да жағдайын ойлағанымыз дұрыс болар.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
29 қыркүйек 2024 ж. 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 006

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031