Келешегін ойлаған кәсіпкер болады
Кәсіпкерлік саласы ауданымызда жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Оны мемлекеттік бағдарламаларға, қайтарымсыз гранттарға ниет білдірген тұрғындардың қарасынан анық байқауға болады. Олардың қатарында ерекше кәсіпті бірінші болып қолға алып отырған «Күміс алқа» иегері, Жосалы кентінің тұрғыны Ұлболсын Камулова да бар.
Ол кент орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы No26 мектептің түлегі. Политехникалық колледжді «Сақтандыру ісінің қаржыгері» мамандығы бойынша бітірген. Жүрек қалауымен 20 жасында Ғалымжан Оспанов атты жігітке тұрмысқа шығып, отбасын құрған. Жолдасы ол уақытта ішкі істер органында қызмет жасаса, қазір аудандық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау мекемесінде инспектор болып істейді. Ерлі-зайыптылар 6 жыл қарашаңырақта ата-ананың батасын алып келсе, үйге келін түскесін жұмыс барысымен қалаға қоныс аударады. Қызылордада түрлі жұмыстар атқарып, кейін туған топыраққа қайта келеді. Алтын құрсақты ананың аз-кем өмір жолымен таныса отырып, кәсіп оның үнемі жанында жүргендей сезіндік. Ерінің жайын жасап, бала тәрбиесімен айналысуды жөн көрген келіншектің үйінде отырып-ақ талай шаруаның басын қайырғаны кәсіп бастауға алғашқы қадамдар болғандай. «Қарманған қарап қалмайды» дегендей, той дастарқанына тапсырыстар алып, тәттілер пісіргені оны кәсіпкер атануға жетелеп отырды десек жалған болмас.
– Еңбек еткенді жақсы көремін. 5 қыз, 1 ұлдың ата-анасымыз. Жолдасымның табысына қосымша болсын деп, той-томалақ, құдайыжолына тапсырыспен тәттілер пісіріп жүрдім. Әпкем Қарлығаш он саусағынан бал тамған ас пісіру мен дастарқан мәзірін даярлаудың шебері. Оның қолы тиген жер дөңгеленіп шыға келеді. Сол апайым үй жағдайында халал шұжық дайындауды атыраулық кәсіпкер Әлия Өтемалиевадан оқып, үйреніп келді. Ауданда тілек білдірген қыз-келіншектердің басын қосып, өзі де шеберлік сыныптарын жасап жүрді. Негізі бұл әу баста әпкемнің идеясы болғанды. Бірақ Алматыға көшуіне орай, маған «Сенің қолыңнан келеді, осы кәсіпті әрі қарай жүргізу керек« деп арқамнан қағып, бір-екі рет көрсетіп те берді. Оған қоса осы кәсіп түрін қармақшылықтарға біраз жарнамалаған да болатын. Оған қарап менің де қызығушылығым оянды. Балалармен үйде отырған адаммын. Сыртқа шығудың қажеті шамалы. Нағыз маған керек кәсіп екен деп, тәуекел етіп белімді будым. Бұған дейін де бауырымның істеп жүргенін талай көргенмін. Қолымнан келетін секілді деп, іштей ойланып жүретінмін. Сонда да болса, білгеннің артығы болмас деп Әлия апайдан 150 мың теңгеге сабағын сатып алып, білімімді жетілдірдім. Сабақ онлайн түрде жүргізілді. Әдістемелік материал, видеобаяндар жіберді. Сонымен қатар келешекте кәсіппен айналысу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттарға қатысып, жоба қорғауыма да жол ашты. Сөйтіп, «Халал шұжықтар жасау» шеберлік сыныбынан өтіп, арнайы сертификатын алдым. Мұның барлығы осы жылдың маусым айының басында басталды, – дейді кәсіп иесі.
«Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, Ұ.Иманзадақызы көп ойланбастан қажетті құжаттарын тапсырып, ет өнімдерін шығаруға арналған бизнес жоспарын комиссияға ұсынады. Көпбалалы ана статусымен қатысқан ол жобасын сәтті қорғап, 1 476 800 теңгеге ие болады. Бөлінген қаражатқа Алматыдан ет ыстайтын темір пеш, ет тартатын құрылғы, басқа да керекті затын алып, жұмысқа кіріседі.
Сөз арасында грант иегері шұжық жасаудың технологиясымен де бөлісіп қойды.
– Халал шұжықтың жасалу технологиясына келетін болсам, ол бірінші кезекте таза еттен жасалады. Мысалға, 10 келі ет сатып алсақ, оның 4 келісі таза ет шығарады. Еттің сіңірін, шандырын, көк етін кесіп алып тастаймыз. Жаңа сойылған малдың етінен жасауға болмайды. Оны әкелген соң тазартып жуып, 1-2 күн мұздатқышта сақтаймыз. Сосын мұз емес күйінде еттарқыштан өткізіп, қан-жылымын сорғытамыз. Одан соң 4-5 сағат салқын жерге қойылады. Етті қайта мұздатып, тоңазытқышқа саламыз. 7-12 градус салқын температурада дәмдеуішін қосып, сол уақытта тұздалып тұрған ішекке тығып, бәрін толығымен жасап үлгеру керек. Температурасы төмен немесе жоғары болуға болмайды. Ішекті Алматыдан «Даумак» фирмасынан алдыртамын. Бүгінде «Батырдың білегі», «Краковский», «Сервелат» секілді шұжық түрлерін жасап жатырмын. Шұжыққа қойдың бүйені, сиырдың ащы ішегі таңдалып алынады. Бізге тұздалып, дайын болып келеді. Өнімді жылқы, сиыр етінен жасап отырмын. Тауық етінен де жақсы шығады. 4 келі таза еттен кептіріліп, ысталудан өткесін жарты келі салмақ жоғалтады. Жасалу технологиясы бойынша қойдың құйрық майы мен жылқының қазылық етінің майы қосылады. Бағасы қолжетімді деп ойлаймын. Сиыр етінен жасалған шұжықтың 1 келісі 7 мың, ал жылқы етінікі 8 мың теңге тұрады, – дейді ол жұмысының бейнетіне бір сәт тоқталып.
Ұлболсынның тұтынушылары әзірге өзінің ортасы, туыстары мен дос-жараны. Жарнама ретінде түрлі чаттарға да тарататын көрінеді. Тағы бір айтары, шұжықтың дәмін бір мәрте татқан адам қайта келіп тапсырыс береді екен. Әлбетте, дүкен сөрелерінің кілки шетелдік тауарға сіресіп тұрған мына заманда қолдың таза табиғи өніміне не жетсін, шіркін деген ой санамызды селт еткізгенін несіне жасырайық.
Бір ұққанымыз, кәсіпкердің өнімдерін алған адамдардың оған риза болып кететіні. Олай болмағанда ше?! Шикі еттен бастап дайын болғанға дейін 3 күн уақыт алатын өнімге қанша маңдай тер мен еңбектің сарп етілетінін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Кәсіп иесі «Шұжықтар тек қана тапсырыспен жасалады. Әзірше үйдің бір бөлмесін арнап отырмын. Алда цех ашамыз деген жоспардамыз. Жартылай фабрикаттарды да шығарсам деймін» дейді сөз арасында алдағы жоспарын айтып.
«Мен үшін отбасымнан артық құндылық жоқ» дейді балаларын бақытына балаған ана. Үлкені – Мадина отбасылы, қалада заңгер мамандығымен қызмет етіп жүр. Мөлдір Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейін бітіріп, Алматыда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық университетінде «Архитектор, дизайнер» мамандығы бойынша грант иегері. Ұлжан, Нұрлыхан, Адина мектепте білім алса, ал кенжесі Аяжан 4 жаста.
Сәрсенкүл АҚКІСІ