Халықтық штаб: АЭС – еліміздің болашақ ұрпағына деген қамқорлық
20 қыркүйек күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қызылорда қаласына келді. Мұнда аналар қауымымен, ақсақалдармен, ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті. Қызылордалықтар АЭС салудың маңызын жақсы түсініп, аймақты және тұтастай алғанда елді дамытудың ауқымды жоспарын осы бастамамен байланыстырады.
Қызылордада «Анаға тағзым» орталығында өңірдегі аналар қауымымен кездесу өтті. Штаб мүшелері атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен баланы қолдау мәселесіне айрықша назар аударады. Жыл сайын әлеуметтік төлемдер сомасы өсуде, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастады, ал жуырда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр ана баласының денсаулығы мен жарқын болашағына ерекше мән беретінін атап өтті. АЭС – экологиялық тұрғыда ең таза, қауіпсіз энергия көзі. Атом электр станциясының құрылысы көмір өнімдерін пайдалануды едәуір қысқартып, қалалардағы ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС – болашақ инженерлер, энергетиктер, ядролық физиктер, құрылысшылар және тағы да басқа мамандық иелері үшін лайықты жұмыс әрі кәсіби тұрғыда өрлеу.
«Бәріміз мықты да тәуелсіз Қазақстанда, экономикасы дамыған, болашағы жарқын елде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіргіміз келеді. Атом энергетикасы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, келешекке бағдарланған қадам. Сондықтан, 6 қазанда атом электр стансасын салуға дауыс бере отырып, біз, ең алдымен, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағының негізін қалаймыз», – деді ол.