Абыройлы еңбекпен – құрметті зейнетке
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай қадірлі мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің директоры Гүлжахан Жұмағалиқызын зейнет демалысына шығарып салу салтанаты өтті.
№250 мектеп-лицейдің думан залында өткен ерекше кешке қатысқан ұстаздар қауымы көп болды. Әрбір әріптесі гүл ұсынып, мектеп ұжымы ұлағатты ұстазды сахна төріне ерекше құрметпен көтерді.
Зейнет жасқа жеткен мерейтой иесін аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева құттықтап, білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі, ұзақ жылдар бойғы өнегелі істері мен тәрбиелі тағылымына алғыс білдірді. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ләззат Есханова ақ жаулық пен иығына шапан жапты. Мұнан соң ұстаздың қос шәкірті Жарқынбек Тұрымбетов пен Дәулет Байғарев арнау жырдан шашу шашты.
1963 жылы Ақтөбе ауылында Жұмағали ата мен Қаншай әженің отбасында дүниеге келген Гүлжахан анасына тартып зерек болып, бойжетеді. Анасы ерте тұрмыс құрып, отбасының күйбең тіршілігімен жүргенде белгілі бір мамандық ала алмайды. Үйге дүние емес өлмейтін, өшпейтін, өмірлік рухани азық – кітап жинайды. Сол арқылы балаларының танымын кеңейтеді. Тағылымды тәрбие алып, жастайынан әдеби кітап оқып өскен баланың өресі қашанда биік болады. Білім алуға бейім болған отбасы балаларының барлығы қазір өз еңбектерінің нәтижесін көруде. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе артқы дөңгелегі де солай қарай домалайды емес пе? Оның артынан ерген төрт сіңлісінің біреуі дәрігер болса, қалғаны мұғалім, екі інісі де жауапты қызметтің тізгінін ұстап отыр.
1985 жылы Қызылорда педагогикалық институтының математика факультетін бітірген жас маман ауылдағы №109 орта мектепке жұмысқа орналасқанынан-ақ оқытудың сан түрлі әдістерін шебер қолдануымен ерекшеленген. Өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын ұстаздың сабағына шәкірттерінің ықыласы да арта түсті.
Ұстаздық еңбек жолын осыдан 40 жыл бұрын №109 орта мектепте тәлімгер болып бастап, білімділігі мен парасаттылығының арқасында №109, 183 мектептерде 19 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін арқарған, 14 жылдан аса А.Жанпейісов атындағы №105 орта мектепте, 5 жылға жуық Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейін абыроймен басқарған Гүлжахан Жұмағалиқызының ұлағатты ұстаз, білім саласының майталманы, көшбасшы тұлға екенін барша білім саласындағы әріптестері мен шәкірттері толық мойындайды.
Оның ішкі дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділігі, ұрпақ тәрбиелеудегі даналығы, адамды жақсы мен жаман деп бөліп жармайтын кейіпі көпке үлгі. Тұлғаны тани білетін қасиеті мен қандай істе де әділеттілігі, талап қоя білетін өткір мінезі, артық әңгіме мен пайдасыз іспен араласуды жақтырмайтын бейнесі өз алдына бөлек әңгіме. Шындықты, кемшілікті бетке айтатын ер азаматқа тән батыл болмысы, кеңпейілділігі мен сөйлеу шеберлігі, өз мамандығының шебері болуы әке ақылы мен ана сүтінен дарыған қасиет екені сөзсіз. Осы қасиеттер оның кісілік келбетін ашады.
Өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр-сырын ашқан, дүниелік түсінігін тереңдеткен ұстазға деген шәкірттерінің сый-құрметі де айрықша. Оған зейнет демалысына шығарып саларда өткен ерекше кеш, көрсетілген сансыз құрмет дәлел. Алдымен өзі еңбек жолын бастаған №109 орта мектептің ұстаздары ұсынған тосын сый, ерекше қойылым арқылы құттықтау көрерменді елең еткізді. Сол мектепте өзімен бірге еңбек еткен, өкшесін басып келе жатқан замандас, әріптестері қуанышын бөліспекке арнайы келді. №109 мектептің директоры Бақытбек Алмағамбетов құттықтау сөз алып, ұстаздардың ұстазына мектеп ұжымы, ауылдастары атынан ақ тілегін арнап, сый-сияпатын ұсынды.
Одан кейін №183 мектеп ұжымы атынан Гүлмира Жақпанова, Гүлжайна Ерекешова, Ақбөпе Асқарова сөз сөйлеп, сыйлық табыстады. Бірге қызмет еткен жылдардағы естеліктерге тоқталып, Гүлжахан Жұмағалиқызының №183 орта мектепте жұмыс істеген жылдары тек қызметте емес, отбасылық өмірде де үлкен жетістіктерге жеткенін, перзент сүйіп, ана атанғанын қуанышпен, мақтанышпен атады.
15 жылға жуық директорлық қызмет атқарып, сол жылдары жақсы мамандар қалыптастырған №105 мектеп-лицей ұжымы залдың бір бөлігін алып отырды. №105 мектеп-лицей ұжымы құттықтауға сахна төріне көтерілгенде экраннан сол жылдардағы жұмысын бейнелейтін суреттер мен видеолар көрсетіліп тұрды. Жас ұстаздар мерейтой иесіне арнап ән шырқады. Ардагер ұстаздар Ұлмекен Ақшолақова, Айткүл Молдабаева, Мадина Жүргеновалар мерейтой иесінің жақсы қырларын жіпке тізгендей атап өтіп, жұмыстан тәуелсіз демалысқа шыққанның өзі бір бақыт екенін, сол бақытқа абыроймен жету екінің біріне бұйырмайтын бақ десті. №105 мектеп-лицей директоры Гүлзира Еркебаева құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпат жасады.
Кеште ұстаздың институтта бірге оқыған құрбысы Өміркүл Сатыбалдиева, туыстары атынан Ақжамал Бұйрабаева, бауырлары Майра Жұмағалиқызы мен Орынбек Мұнарбаев сөз сөйлеп, мерейгердің адал дос, бауырларына ақылшы апа, отбасында бақытты жар, ана, әже, ағайын мен туыс арасында да беделге ие жан екенін айтып, мықты денсаулық пен тек қуанышты күн тіледі.
Бұдан кейін мерейлі ұстаз басқарған 5 жылдай уақытта ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен №250 мектеп-лицей ұжымы құттықтауын жеткізді. Болатбек Өксікбаев, Роза Амандыққызы, Раушан Керейтбаева, Гүлсара Сәрсенбаева бастаған ұстаздар, техникалық қызметкерлер атынан Дәрікүл Өтешова сөз сөйлеп, рақмет айтса, кәсіподақ атынан Мария Адилова сыйлық ұсынды. Шәкірттері Гүлжанат Дүзенова мен Ердәулет Орынбасаров арнау өлең оқыды. Ұжым «Қимай тұрмыз» әнімен кешті қорытындылады.
– Бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Барлығыңызды жақсы көремін. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» демекші, мен жалғыз ештеңе бітіре алмас едім. Мұндай жетістікке жетуіме сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз сеп болды. Дәл мұндай кеш болады деп ойламадым. Барлығыңызға шексіз алғысымды, үлкен рақметімді айтамын, – деді мерейтой иесі қуанышты көңілмен.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ