Ата Заңым – Айбыным
Адам баласының өмір сүру белгілері бір заңдылыққа бағынатын секілді, әлемді мекен еткен кез келген мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық елдегі мойындалған атауы – Конституция.
Ол – мемлекеттің төлқұжаты, Тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі, бейбітшілік пен татулықтың ең басты тетігі.
Ата Заң 1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда қабылданған Конституция Тәуелсіз еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Сонымен бірге, конституциялық мәртебесін айқындап берді.
Конституцияға сай, Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.
Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Қазақстанда билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
Адам құқықығы – конституциялық құқықтың маңызды институты. Адам құқықтарын қорғау механизмі – бұл адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру жолындағы кедергілерді жою мақсатында кезекті түрде ұйымдастырылған заңды құралдардың жүйесі. Жалпы адам құқықтарын қорғау механизмінің мақсаты болып, адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кедергісіз бағыт алуын қамтамасыз ету болып табылады. Құқықтық реттеу механизмі заңдық құралдардың жүйесі, олардың көмегімен қоғамдық қатынастарға құқықтық әсер ету жүзеге асырылады, қықық субъектілерінің мүдделері қанағаттандырылады. Құқықтық реттеу механизмі элементтерінің құрамына құқықтық норма, құқықтық қатынастар, жеке құқықтық актілер, құқықтық тәртіп пен құқықтық сана кіреді.
Демократиялық қоғамға қадам басқан әр мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Азаматтық қоғамды қалыптастыруды басты бағыт етіп ұстанған Қазақстан да Ата Заңымызды қабылдай отырып, әділ қоғам және құқықтық жүйе құру мақсатында бірқатар реформаларды жүзеге асырады. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилылығының белгісі.
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген.
Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, заңдардың өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай – ақ Республиканың Конституциялық Сотының және Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады.
Еліміздің тәуелсіздігін сақтап, әлемде өзіндік орнын иеленуі де – осы ата Заңымыздың жемісі.
«Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы». Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азаматы Ата Заңын жетік білсе, бабалар аманатына адал болғандай, Ата Заңға да адал болса, заң талаптарын сақтаса, еліміз тек биіктерден көрінері сөзсіз. Қазақстан қоғамының ұзақ жылдарға аралған өркенді дамуының бағытын нық айқындап берген Конституциямыз халыққа қызмет ете бермек.
Қуаныш МЫХАНОВ,
Қармақшы аудандық сотының төрағасы